ҚазҰУ-да цифрлық трансформацияның өзекті мәселелері талқыланды

26 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу ордасының 90 жылдығына орай, «ЖЖОКБҰ-да білім беруді цифрландыруды дамыту: жаңалықтары, сын-қатерлері, перспективалары» атты онлайн форсайт-сессиясы өтті.

Іс-шараға жоғары білімнің жетекші сарапшылары мен EdTech саласының өкілдері қатысты.

БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бағыттарын қамтитын отырыста білім беру сапасын арттыру, оның ішінде блокчейн және жасанды интеллект технологияларын қолдану үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында цифрлық трансформацияның өзекті мәселелері талқыланды.

Форсайт-сессиясын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің Академиялық және цифрлық инновациялар кеңсесі ұйымдастырды.

Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов құттықтау сөзбен ашып, зерттеу университеттері үшін заманауи технологияларды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде проректор қатысушыларды инновациялық және оқытуға ыңғайлы, білім беру кеңістігін құру үшін тәжірибе және идеялармен алмасуға шақырды.

Сессия барысында ҚазҰУ-дың Оқу ісі департаменті директорының орынбасары Әсел Мусинова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Цифрлық даму және қашықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова, «Антиплагиат» компаниясының атқарушы директоры Юрий Чехович, Microsoft корпорациясының білім беруді дамыту бойынша басшысы Данияр Жұмабеков, Satbayev University Цифрлық технологиялар және біліктілікті арттыру институты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Ақанова және т.б. сарапшылар баяндама жасап, өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Форсайт-сессия жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы тұрғысынан жоғары білім беруді одан әрі дамыту болжамдарын талқылаумен аяқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі