ҚазҰУ-да бірінші рет тіл мектебі ашылды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ халықаралық «Болашақ» стипендиясының ресми әкімшісінің қолдауымен ТМД елдері арасындағы, Орталық Азиядағы ең үздік ЖОО бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бірініші рет шет тілдерін оқытатын орталық(мектеп) ашылды. Университет ағылшын тілін үйрету үшін ҚазҰУ-да биология және биотехнология факультетінен аудиториялар бөлді.
Шет тілдерін оқытатын орталықтың(мектептің) ресми ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев, Қазақстанның білім беру саласында ағылшын тілін дамыту маңызды шаруалардың бірі екенін атап айтты. «Қазіргі таңда ғылыми мақалалардың, еңбектердің басым көпшілігі ағылшын тілінде жазылады. Осы мектепті ашу арқылы біз ғылым мен білім саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырамыз. Сонымен қатар біз Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының үш тілді ұлт болу идеясын жүзеге асырамыз», - деді МұхамбетқалиБүркітбаев.
Өз кезегінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов «Болашақ» бағдарламасы бойынша ағылшын тілін оқыту жүйесі айтарлықтай өзгергенін айтты. Бүгінде айлық оқыту курсының құны орта есеппен бір студентке 4,5 мың доллар, бұл шет елде тіл үйретуден біршама арзан. Ал шет тілді сыртта оқыту үшін ай сайын бір студентке 10-15 мың доллар жұмсалатын. «Сапар алдында стипендиаттар жарты жыл көлемінде осы тіл оқыту мектебінде дәріс алады. Ал келесі жарты жылда тілді оқуға баратын елде үйрететін болады. Бұл курс академиялық бағдарлама бойынша оқуға түсетін стипендиаттарға арналған. Бағдарлама бойынша «Болашақ» стипендиаттары ғана емес, сонымен қатар ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары да оқуға мүмкіндік алады», - деді Ғани Нығыметов.
Тілдік және оқыту бағдарламалары білім беру саласындағы халықаралық Британдық Кеңеспен әріптестік негізгінде дайындалады. Британдық Кеңестің директоры Энди Уильямс: «Бұл мектептің ашылуы Қазақстан-Британ білім беру саласындағы қарым-қатынасының нығая түсуіне жасалған тағы бір қадам»,- деп атап өтті. «Біз өзіміздің тарапымыздан мұндай тілдік орталықтардың ашылуын толықтай қолдаймыз. Бүгінде ағылшын тілінде достық қарым-қатынастар мен мемлекеттер арасындағы жемісті халықаралық ынтымақтастық орнатылып жатыр. Қазақстан Президенті атап өткендей, ағылшын тілі 100 нақты қадам бойынша Қазақстанның болашақта сәтті дамуының бір бөлігі болады», - деді ағылшын дипломаты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ағылшын тілін үйретуді дамыту үшін белсенді іс-шаралар атқарылып келеді. Соңғы бес жылдың ішінде ЖОО факультеттерінде тек ағылшын тілінде сабақ оқытылатын топтар жұмыс жасайды. ҚазҰУ-ға Еуропа және АҚШ университеттерімен жасалған келісім-шарт негізінде профессорлар келіп ағылшын тілінде түрлі дәрістер мен сабақтар өткізеді. Оқытудың бұл әдісі білім беру саласында үлкен сұранысқа ие болғандықтан, ҚазҰУ-дың халықаралық дәрежеде жоғарғы деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің дәлелі болса керек. Алдағы уақытта ҚазҰУ негізінде құрылған алғашқы тіл оқыту мектебі университеттегі тіл оқыту әдістерінің дамуына өз үлесін қосады.
ҚазҰҮ баспасөз қызметі