Республикалық студенттер айтысының Бас жүлдесін Айтбек Тұрсынбаев қанжығасына байлады
Сәуір айының 27 жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Төл тарихым – тамырым» атты республикалық студент ақындар айтысы өтті.
ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор Назгүл Шыңғысова: «Бұл жыр додасын жас ақындардың талантын шыңдай түсу үшін және рухани төл қазынамыз айтысты насихаттау үшін ұйымдастырып отырмыз. Тарихи ұлы тұлғаларды, батырларымызды, билерімізді, Алаш ардақтыларын ұлықтап, ерліктерін насихаттай отырып, жастарды отаншылдыққа, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеу мақсатын көздедік», - дейді.
Айтысты ақын Серік Қалиев жүргізсе, әділқазылар алқасына танымал ақын Жүрсін Ерман, филол.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып тең төрағалық етті. Сонымен қатар әділқазылар алқасының құрамында журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ф.ғ.к., айтыскер ақын Әбдіғани Бәзілхан, айтыскер ақын Қайрат Құлмұхамет, филол.ғ.д., профессор Ісмақ Айгүл Серікқызы, «Қамшы» ақпараттық сайтының Бас директоры Қуаныш Біләл, ф.ғ.к., доцент Самал Дәрібаев болды. Өз кезегінде айтыстың демеушілері: ақын Әбдіғани Бәзілхан, жеке кәсіпкер Бектұрған Зейнелұлы да жыр кешінен табылды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтыс ЖОО студенттері арасында тұңғыш ұйымдастырылып отыр. Осы орайда Ж. Ерман болашақта айтыстың көрігін қыздыратын осы жас ақындар екендігіне сенім білдірді.
Айтысқа республикамыздың жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, бақ сынады.
Атап өтер болсақ: Амангелді Сейітхан, Айтбек Тұрсынбаев, Саягүл Бірлесбек, Имран Жұманазаров, Қуаныш Әлімберді, Нұрзат Қару, Ақниет Жұбанышов, Айбек Бестенқұлов, Алтынбек Ибрагимов, Айдана Қайсабек, Аят Жәнібек, Ермек Рахымбайұлы, Ерзат Әрін, Айтыста: Қазақ хандары, Қазақ билері, Қазақтың батыр қыздары, Қазақ батырлары, Алаш ардақтылары тақырыптары аясында жеребе тасталып, жас ақындар ұтқыр, ұйқасы шымыр, табан асты тауып айтқан сөздерімен тарих тағылымынан сыр шертті.
Нәтижесінде үш сағатқа созылған айтыста тұшымды ойлар айтылып, сөз дүлдүлі анықталды. Жас ақындарға ынталандыру сыйлықтары беріліп, III орын екі ақынға Алтынбек Ибрагимов пен Аят Жәнібекке бұйырса, II орынды Ерзат Әрін иеленді. Ал I орынды асау, бұға жырлардың тізгінін ағытқан Айдана Қайсабек, Бас жүлдені суырып салмалығымен ерекше көзге түскен Айтбек Тұрсынбаев қанжығасына байлады.
Осылайша, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Төл тарихым – тамырым» атты республикалық студент ақындар айтысына Әділқазылар жоғары бағасын беріп, көрермендер көңілді тарқасты.
Куанышбекова Ақбота
Kazaitys.kz