ҚазҰУ-да психологияны дамыту бағыттары талқыланды

29 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Отандық және әлемдік психологияның дамуы: тәжірибе, үрдістер мен болашақ» атты Жақыпов оқулары негізінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысы өтті. Шара қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 90 жылдығына және психология ғылымының докторы, профессор Сатыбалды Мұқатайұлы Жақыповты еске алуға арналды.

 

Конференцияға Қазақстаннан, Германиядан, Нидерландыдан, АҚШ-тан, Ресейден, Оңтүстік Кореядан және басқа елдерден белгілі психологтер мен ғалымдар қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушылар мен қонақтар үшін кітаптар көрмесі ұсынылып, профессор Сатыбалды Жақыповтың өмірі мен қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.

Пленарлық отырыста Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов, ҚазҰУ профессоры, педагогика ғылымының кандидаты, университет ардагері Жолмұхан Түрікпенов, Амстердам заманауи ғылымдар университетінің (Нидерланды) профессоры Елена Гарбер, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры, психология ғылымының докторы Наталья Логинова, Сеул HelGuard IT мектебінің психологі (Оңтүстік Корея), тьютор Алексина Ли және т.б. құттықтау сөз сөйледі.

Спикерлер ҚазҰУ профессоры, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дың  құрметті профессоры, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Сатыбалды Жақыповтың психология ғылымының дамуына қосқан зор үлесі мен жетістіктерін атап өтті. Көрнекті психолог, психология ғылымының докторы С.Жақыпов 500-ден астам ғылыми еңбектің авторы, психология ғылымы саласында қазақстандық ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеген.

Конференция ұйымдастырушылары атап өткендей, шара барысында қолданбалы психология саласындағы озық ойлармен алмасу, қазақстандық және әлемдік ғылым мен тәжірибенің дамуына ғалымдардың тәжірибесі мен үлесін насихаттау туралы мәселе қарастырылып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық тарихындағы зерттеушілердің ғылым мен қоғамның дамуына қосқан үлестері туралы қорытынды жасалды.

Пленарлық отырыстан кейін конференция  жұмысы панельдік секциялар аясында жалғасты, онда «Әлемдік және отандық психологияның тарихы мен даму тенденциялары. Профессор С.М.Жақыповтың ғылыми идеялары мен психологиялық қызметі», «Әлеуметтік-психологиялық ғылымдағы жаңашылдықтар: тұрақты дамудың заманауи мәселелері, уақыт қиындықтары мен шешімдері», «Қазіргі заманның сұранысындағы практикалық психология, заманауи психологиялық-педагогикалық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер»   сияқты тақырыптар талқыланды.

Халықаралық конференция Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы тарапынан ұйымдастырылды.

Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі