Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Педагогика және психология бойынша ХVI Республикалық пәндік олимпиада өтті

29 сәуір, 2024

Қазіргі кезде еліміздегі жоғары оқу орындарында болашақ педагог және психологтарды даярлау жүйесіне жаңаша талаптар қойылып отыр. 2023 жылы тамыз кеңесінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа сапасын  қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын педагог мамандар екендігіне тоқталып,  білім беру саласын  білікті мамандармен  толық қамтамасыз етуді міндеттеген  болатын.  Мемлекет басшысы өз сөзінде, жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделгендігін, сондықтан да заманауи тәсілдер мен жаңаша технологияларды енгізу мәселесін де атап көрсеткен болатын. Осы орайда республикалық жоғары оқу орындарындағы студенттер арасында түрлі деңгейдегі кездесулер мен олимпиадалық жарыстар ұйымдастыру кезек күттірмес мәселелердің қатарында.

29.04.2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Педагогика және психология бойынша XVI Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы ұйымдастырылып,өткізілді. Олимпиаданың ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор – Мейрбаев Бекжан Берікбайұлы арнайы сөз сөйлеп, іс-шараға қатысушы командалар мен әділқазы алқаларын таныстырып, командаларға сәттілік тіледі.

Үш арнайы турдан тұратын олимпиадада республикадан келген 16 команда өз дайындықтары мен біліктіліктерін жоғары деңгейде аса шеберлікпен көрсете білді.

Нәтижесінде ең жоғары ұпай жинап, 1 орынды Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2 орынды  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ал 3 орынды Қожа Ахмет Яасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік,  Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжининирг, Махамбет Өтемісов атындағы  Батыс Қазақстан университеттері иеленді. 

 

Автор: Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к. Байдалиев Дархан Дәулетжанұлы