ҚазҰУ-да исламдық банкинг және қаржыландыру саласының жоғары білікті мамандары даярланады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университеті мен Малайзияның Тун Абдол Разак (УНИРАЗАК) Университеті арасында ынтықмақтастық және исламдық банкинг (банк ісі) пен қаржыландыру саласында бірлескен қосдипломдық магистрлік бағдарламаны жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Малайзия Университетінің Тун Абдол Разак (УНИРАЗАК) Университетімен бірге осы алдағы бірінші қыркүйектен бастап, қосдипломдық бағдарламаны жүзеге асыратын болады. Басты талап - әлемдік экономикалық үрдістерді жан-жақты сараптап, экономикамызға, индустриямызға септігін тигізетін жаңа қаржыландыру көзін халыққа жеткізу, исламдық банкинг және қаржыландыру саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлау.
Енді студенттер бірінші қыркүйектен бастап, бірінші семестрді осы өзіміздің университетте, екінші семестрді Тун Абдол Разак университетінде оқитын болады. Ал үшінші семестрді өздерінің қалауы бойынша Қазақстанда немесе Малайзияда оқиды. Студенттер магистратуралық диссертацияларын қорғап шығып, біздің тараптан Исламдық банкинг бағыты бойынша Қаржы мамандығы дипломын алса, Малайзия тарапынан MBA атағы бойынша диплом алады. Кейін, Алматыдағы AL-HILAL Исламдық банкі мен ҚР Ұлттық банкінің сұраныстарына сәйкес жұмысқа орналаса алады», - деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің оқу үрдісі жөніндегі проректоры Дархан Ахметзаки.
Айта кетелік, жаңа оқу бағдарламасы бойынша биылша 5 студент қабылданады. Оқу мерзімі 1,5 жыл. Бір жыл теориялық курстарға негізделсе, қалған жарты жылда студенттер қаржы орталықтарында іс-тәжірибеден өтіп, диссертациялық жұмыстарын жазады.
Мемлекет тарапынан бұл оқу жүйесіне гранттық орындар әлі берілген жоқ. Дегенмен, Дархан Ахметзакидің айтуынша, министрлік деңгейде осыған байланысты қазір келіссөздер жүріп жатыр. Ал оқу ақысы отандық жоғары оқу орындарындағы курстарға төленетін ең төменгі ақыдан көп болмайды.