1 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері, білім алушы жастары!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктемнің бұл мерекесі баршамыз үшін бейбітшіліктің, ынтымақ пен тұтастықтың айшықты нышаны болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессиясында сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік.
Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз», – деп атап өтті.
Бүгінгі жаңа Қазақстан татулық пен келісімді ту еткен іргелі мемлекетке айналды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры нығайып, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қалыптасты. Еліміз рухани, мәдени құндылықтарды жаңғыртып, әділет жолында ұлы мұраттарға ұмтылуда. Бұл – көпұлтты халқымыздың қажыр-қайраты мен мызғымас достығының, ел бірлігінің айқын көрінісі. Қазақ жерінде тоғысқан әр алуан мәдениеттер бір ту астында бірігіп, бір мақсатқа жұмылып, ортақ құндылықтарды дәріптеуде.
Бүгінде ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамында 100-ден астам өзге ұлт өкілдері қызмет атқарады. Университетімізде әлемнің 50 елінен келген 3 мыңнан астам ұлты өзге студент жастар білім алады. Тәуелсіз мемлекетімізді өркендетуге әрқайсымыздың қосар елеулі үлесіміз болуы тиіс. Қандай да бір қиын-қыстау кезеңде халқымыз жақынына жәрдемдесуге, айналасына қамқор болып, бір-біріне қолдау көрсетуге дайын тұратыны – бұзылмас қағида.
Ұлы Күлтегіннің «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деген даналық сөзі бүгінде өзекті болып тұрғаны анық. Ізгі істер мен адамгершілікті, адалдық пен отансүйгіштік қасиеттерді жастардың бойына сіңіру айрықша маңызды.
Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық пен құт-береке тілеймін!
Халқымыздың ынтымағы мен бірлігі арта берсін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ