ҚазҰУ оқытушыларына тұрақты даму курстары ұйымдастырылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты тұрақты даму мақсаттары бойынша профессорлық-оқытушылар құрамы үшін үш айлық курс ұйымдастырды.
Инновация, тұрақты даму және көшбасшылықты арттыру курсы COMSATS қолдауымен Қытай ғылым академиясы университетінің Қоршаған орта экономикасы орталығымен (CEE-UCAS) және Халықаралық ғылыми ұйымдар альянсымен (ANSO) ынтымақтастық аясында өтуде.
ANSO-BIDI мектебінің сегізінші семестрінің ашылу салтанатына серіктестік ұйымдар басшылары, соның ішінде ANSO, COMSATS және әртүрлі академиялық мекемелердің өкілдері жиналды. Іс-шарада Торонто университетінің академигі, профессор Луис Секо арнайы дәріс өткізді. Маманның математика және есептеу ғылымдары, сондай-ақ жасыл қаржыландыру саласындағы тәжірибесі мен білімі курсқа қатысушыларды ерекше қызықтырды.
2024 жылдың 1 мамырында екінші модуль өтті. Онда Австралияның Аделаида университетінің Электротехника және электроника мектебінің профессоры Пэн Шидің «Кибер-физикалық жүйелер: артықшылықтар мен проблемалар» дәрісі тыңдалды. Профессор Пэн Ши IEEE-дің құрметті мүшесі, IEEE Transactions on Cybernetics журналының бас редакторы және IEEE Access журналының аға редакторы қызметін атқарады.
Айта кету керек, соңғы үш жылда осы бағдарлама аясында жеті семестр сәтті өткізілді, ол бүкіл әлем бойынша 750-ден астам қатысушыны қамтыды. Олардың ішінде 400 білім алушы COMSATS хатшылығымен ұсынылды, оның ішінде ҚазҰУ-дан 80 қатысушы бар.
Жалпы курс үш айға созылатын 10 апталық модульден тұрады. Онда әлемдегі жетекші университеттердің профессорлары мен сарапшылары әртүрлі тақырыптар бойынша дәрістер өткізеді. Курстар жеткізу тізбегі, тұрақты даму, ESG, жасыл қаржы, инженерлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларын қамтиды.
Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушылар тұрақты даму саласындағы сауаттылық пен білімді бағалау бойынша курстан өткені туралы сертификаттарға ие болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі