Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағында Тұрақты даму мақсаттарының жалаушалары ілінді.
Аталған жалаушалар қалашықтағы Фараби кітапханасының және факультет ғимараттары алдындағы алаңдарға орнатылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 17 бағытын жан-жақты іске асыруға арналған әлеуметтік жобалар мен түрлі шаралар атқарылуда. Бұл жұмыстар кедейлікті жою, энергия үнемдеу, суды тиімді пайдалану, инклюзивтік өсу, гендерлік теңдік, Жер шарын қорғау мақсатын іске асыруды көздейді.
Бүгінге дейін оқу ордасында этносаралық «I Love KazNU!» челленджі, «Көліксіз кампус», «Жасыл әлемдегі бейбітшілік, теңдік, адами құндылықтар» акциясы өткізілген болатын. Сонымен қатар «Шығарда жарықты сөндіріңіз!», «Суды үнемдейік», «Пластиктерді жина», «Қалашықтағы қолжетімді ас мәзірі» ТikTok байқауы ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде Тұрақты даму мақсаттарының бағыттарын насихаттау жұмыстары жүргізілді.
Атқарылған жұмыстар әлемдегі өзекті мәселелерге зер қойып, шешу жолдарын қарастыруға, әлеуметтік даму мен қоғамдық тұрақтылықты сақтауға үндейді. Мұндағы мақсат - университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттердің назарын аудартуға бағытталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі