7 мамыр – Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

7 мамыр, 2024

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы, білім алушы жастар!

Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күнімен құттықтауында: «Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор.Әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі екені анық. Халыққа қалтқысыз қызмет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы.Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға, аумақтық тұтастықты сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Айбынды армиямыз егемендігіміздің кепілі, мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі саналады», – деп атап өтті.

Білім ордасында университет құрылған уақыттан бері Әскери кафедра жұмыс істеп келеді.

Бүгінге дейін ҚазҰУ еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосып, 40 мыңнан астам запастағы офицерді даярлады.

Кафедрада жастарымыз 17 әскери мамандық бойынша арнайы дайындықтан өтіп, әскери білім алуда.

Университетте тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, генерал Сағадат Нұрмағамбетов пен Кеңес Одағының Батыры, майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлы атындағы аудиториялар бар.

40-тан астам мамандандырылған оқу кабинеттері мен  Әскери кафедра мұражайы жұмыс істейді.

Осы игіліктің барлығы білім алушы жастардың патриоттық рухын шыңдап, әділетті, адал азамат болып қалыптасуына  жол ашатын бастамалар.

Ел қамалы берік, ер қорғаны бекем болып, еліміз өркендеп, өскелең ұрпақ бойында отаншылдық сезімі арта берсін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сіздерге мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры  

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ