ҚазҰУ-да жапон тұтқындарының тарихы талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматы қаласының мемлекеттік архивімен бірлесіп «Достықтың тарихи дәнекері – Асқанбек Алданазаров» тақырыбында республикалық конференция өткізді.
Іс-шара әскери тарихшы ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Асқанбек Алданазаровтың (10.05.1924-18.07.2010) 100 жылдық мерейтойына арналды.
Асқанбек Сапарұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында 1924 жылы дүниеге келген. Соғыстан кейін Ленинград университетінің тарих факультетінде оқып, кейін Жоғары офицерлік мектебі әскери мамандығын бітіріп, зымырандар бөлімінде әскери борышын өтеп, зымырандар бригадасының командирі қызметін атқарады.
1968 жылы денсаулығына байланысты запасқа шығып, медицина институтында оқытушылық қызметімен қатар, Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультетінің сырттай бөлімінің деканы қызметін атқарды.
Асқанбек Алданазаров қызметінің елеулі бөлігін жапон тұтқындарының қабірін зерттеуге арнады. Қазақстанның 11 облысынан жапон тұтқындарының 58 900 қабірін тапты. Орта Азияда «Алтын сәулелі күншығыс елінің орденімен» марапатталған алғашқы қазақстандық азамат.
Сонымен қатар ол ел территориясындағы поляк әскерлерінің жерленген орындарын анықтап, Польша елінде жерленген Қазақстанның 133 жауынгерінің қабірін анықтады. Бұл да Асқанбек Сапарұлының әскери тарихшы ретінде еліне қосқан үлесінің бір парасы.
Республикалық конференция аясында әскери тарихшы-ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері Асқанбек Сапарұлы Алданазаровтың зерттеу тақырыбы мен ғылыми қызығушылықтарына жататын және бүгінде өзектілігін жоғалтпаған мәселелер төңірегінде талқылау мен пікірсайыстар өтті.
Тарихшылардың пікірінше, конференция ғалымдар арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге, жаңа зерттеу жобаларды, бірлескен ғылыми жарияланымдарды құруға және Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы, поляк және жапон әскерлері тарихы туралы зерттеулерді дамытуға ықпал етеді.
Конференция жұмысына ғалымдар, сарапшылар, мамандар және жас зерттеушілер қатысып, пікір алысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі