ҚазҰУ студенті – OCEANMAN 2024 SPAIN жеңімпазы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің студенті, белгілі қазақстандық спортшы Елдар Шекербек ашық суда жүзуден OCEANMAN 2024 SPAIN чемпионатының Masters 20-29 санатында 10 шақырым қашықтықта алтын медаль жеңіп алды.
Чемпионатқа Мексика, Австралия, Ұлыбритания, Испания, Италия, Македония, Франция, Египет, Польша және әлемнің тағы 30 елінен жүзуші спортшылар қатысты.
Елдар Шекербектің айтуынша, ашық суда 10 шақырымға жүзу әлемнің мықты спортшыларының арасында үлкен бәсекелестік жағдайында өтті.
OCEANMAN 2024 SPAIN додасының Еуропалық кезеңіне қатысушылардың құрамы бұған дейінгі жарыстарда топ жарған үздіктерден құралды.
Oceanman халықаралық жүзу жарыстары теңізде немесе ашық су айдындарында өткізіледі және жыл сайын салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар арасында танымал болып келеді. Oceanman – жүзу бойынша жыл сайын әр елде әр бағытта өткізілетін біріккен чемпионат. Ережеге сәйкес, әр кезеңнен үздік шыққан алғашқы 10 әйел мен 10 ер адам бірден финалға өтеді.
Елдар Шекербек 2 км, 5 км және 10 км қашықтықта ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионы, 5 км-де Азияның абсолютті чемпионы, 3*500 м эстафетада әлем чемпионы, 10 км-де Парсы шығанағында жүзудің күміс және қола жүлдесінің иегері (БАӘ) және 2023 жылғы универсиаданың жеңімпазы.
ҚазҰУ спортшысын кезекті жеңісімен құттықтаймыз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі