QS – 2024 пәндік рейтингінің нәтижелері талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да QS халықаралық рейтингтік агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбов «ҚазҰУ-дың 2024 жылғы әлемдегі үздік университеттердің пәндік рейтингтеріндегі нәтижелері – QS WUR by Subject 2024» тақырыбында дәріс оқыды.
Кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев халықаралық, өңірлік және жергілікті деңгейде білім беру қызметтерінің сапасын бағалаудың маңызды құралы болып табылатын халықаралық рейтингтердің маңыздылығын атап өтті.
ҚазҰУ QS, Times Higher Education беделді халықаралық агенттіктерінің рейтингтеріне қатысып, жыл сайын өз позицияларын ілгерілетіп келеді. 2024 жылғы 10 сәуірде пәндік рейтингтердің кезекті нәтижелері жарияланды. Ол әрбір пәндік саланың күшті және әлсіз жақтарын, сондай-ақ позицияларды жақсартудың ықтимал бағыттарын көрсетті. Зерттеу университеті ретінде ҚазҰУ «Бір оқытушы-ғалымға шаққандағы дәйексөздер саны», «Халықаралық зерттеу желісі», «Тұрақты даму мақсаттары» сияқты халықаралық рейтингтердегі маңызды индикаторларда ғылыми-зерттеу әлеуетін көрсетуі тиіс.
«Біздің университет еліміздің жоғары білім беру көшбасшысы ретінде ең көп балл жинауға және ТОП-200 және ТОП-100 пәндік рейтингтерінде жоғары орындарға ие болуға ұмтылуы тиіс. QS халықаралық рейтингтік агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбовтың дәрісі ҚазҰУ пәндерін әлемдік рейтингтерде ілгерілету бойынша одан әрі жұмыстың тиімді стратегиясын құруға көмектесетініне сенімдімін», – деп атап өтті ЖОО басшысы.
Сергей Христолюбов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бүгінгі таңда тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу саласындағы әлемдік университеттер рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындары арасында бірінші орында тұрғанын және осы бағытта атқарған орасан зор жұмысын атап өтті. Бұдан әрі спикер осы жылдың 10 сәуірінде жарияланған пәндік рейтинг қорытындыларына тоқталды. Аталған рейтинг қорытындысы негізінде QS WUR by Subject рейтингі жасалатын негізгі индикаторларды атап өтті және тұтастай алғанда пәндік рейтингтерді құрастыру әдіснамасын баяндап берді.
«ҚазҰУ осы жылдар ішінде пәндік рейтингтердегі позицияның ең жоғары мәндеріне жетіп, 21-орынға орнықты. Бұл Орталық Азия өңірінің жоғары оқу орындары арасында ең жоғары көрсеткіш», – деп атап өтті Сергей Христолюбов. Пәндік рейтингтер арасынан жоғары орынға жету үздік әлемдік университеттердің рейтингімен салыстырғанда әлдеқайда қиын. Сондықтан бұл өте жақсы көрсеткіш», – деді спикер.
Мазмұнды дәрістен кейін QS халықаралық рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, QS WUR by Subject халықаралық рейтингінде позицияларды нығайту бойынша ұсыныстар айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі