Сиань Цзяотун университетімен байланыс артады

17 мамыр, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев білім ордасына жұмыс сапарымен келген Сиань Цзяотун университетінің вице-президенті Хунг Джун бастаған делегациямен келіссөз жүргізді.

 

Жүздесуде тараптар ғылым мен білім саласындағы серіктестікті арттыру және академиялық ұтқырлық бағдарламасын жандандыру мәселелерін талқылады.

ҚазҰУ басшысы  Хунг Джун бастап келген қытай делегациясына ілтипат білдіре отырып, бүгінгі сапар ҚазҰУ мен Сиань Цзяотун университеті арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға жол ашатынын атап өтті.

«Біз Қытай ЖОО-ларымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Осы тұрғыда бізді Сиань Цзяотун университетімен тығыз қарым-қатынас байланыстырады. Болашақта халықаралық конференциялар ұйымдастыру, бірлескен ғылыми орталық ашу және оқытушылар мен студенттер алмасу жұмыстарын жандандыруымыз қажет. Екі университет ғалымдары бірлесіп жұмыс жасап, ортақ инновациялық жобаларды жүзеге асыру маңызды», – деді ректор.

1896 жылы негізі қаланған Сиань Цзяотун университетінде бүгінде 45 мыңнан астам студентке 3 мыңнан астам оқытушы дәріс береді.  Оқу ордасы 300-ден астам университетпен, ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық орнатқан. Университет QS WUR әлемдік рейтингінде Топ-300 ЖОО қатарында.

Өз кезегінде Сиань Цзяотун университетінің вице-президенті Хунг Джун  бірлесіп білікті кадрларды даярлау және ғылыми жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін жеткізді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті біздің Қазақстандағы сенімді серіктестеріміздің бірі деп білеміз. Сиань Цзяотун университеті де достық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті. Сондықтан серіктестікті арттыруға бағытталған барлық бастамалар мен жобаларды қолдаймыз», – деді Хунг Джун.

Кездесуде ҚазҰУ мен Сиань Цзяотун университеті бірлесіп Қытай – Орталық Азия бірлескен заң үстемдігін зерттеу орталығын, Шэнси провинциясында төмен көміртекті конверсиялау және химиялық ресурстарды тиімді пайдалану бойынша «Бір белдеу – бір жол» зертханасын, сондай-ақ Қытай – Орталық Азия медиа коммуникацияларын зерттеу орталығын ашу туралы келісілді. Сонымен қатар Орталық Азия құқығын зерттеу орталығының директоры София Ушурованың жарық көрген кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Келіссөз барысында екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту перспективалары айқындалды. Тараптар екі университет арасындағы  серіктестікті жаңа деңгейге көтеру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі