Қытай университеті филиалының жұмысы жанданады

17 мамыр, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Солтүстік-батыс политехникалық университетінің вице-президенті Юэ Сяокуймен кездесу өткізді.

 

Жүздесуде тараптар әріптестік қатынастарды одан әрі дамыту және ҚазҰУ базасындағы СБПУ филиалының жұмысын арттыру бойынша пікір алмасты.    

Кездесу барысында университет ректоры делегация мүшелерін ҚазҰУ-дың жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ өз сөзінде оқу ордасының басшысы ҚазҰУ мен Солтүстік-батыс политехникалық университеті арасындағы ынтымақтастықты дамыту қажет екеніне тоқталды.

«ҚазҰУ базасында өткен жылы СБПУ филиалын аштық. Бұл үлкен маңызды оқиға болды. Себебі бұл Қазақстанда ашылған Қытайдың тұңғыш филиалы. Алдағы уақытта екі университет бірлесіп филиал жұмысын одан әрі жандандыруымыз қажет. Жаңадан білім беру бағдарламаларын енгізіп, студенттер санын арттыруымыз керек», – деді ректор.

Өз кезегінде Солтүстік-батыс политехникалық университетінің вице-президенті Юэ Сяокуй ілтипат білдіргені үшін оқу ордасының басшылығына ризашылығын білдіріп, аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен СБПУ вице-президенті Юэ Сяокуй өзара серіктестік туралы келісімге қол қойды.

Жүздесуде тараптар екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі