Экология мәселесі сараланды

20 мамыр, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да XCSS қауымдастығымен бірлесе ұйымдастырылған халықаралық жоба аясында «Климат күтпейді» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 

Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова конференция тақырыбының өзектілігін атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дүниежүзілік климаттық саммитте сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты іс-қимылдарды қабылдауға шақыруын қолдап, Қазақстан Париж келісімін ратификациялаған және 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптық стратегиясын қабылдаған өңірдегі бірінші ел болғанын атап өтті.

«Зерттеу университеті мәртебесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары климаттың өзгеруіне бейімделу контексінде жаңа инновациялық серпінді ғылыми зерттеулерді іздеу және енгізу бойынша белсенді қызмет атқаруда. Бұл Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану ғылыми орталығының қызметінде ерекше атап өтіледі, онда қоршаған ортаның жаһандық өзгеруі жағдайында табиғат пен қоғамның өзара іс-қимыл заңдылықтарын зерттеу саласындағы 10 инновациялық зертханада ғылыми зерттеулер жүргізіледі, оның ішінде Қазақстанның тұрақты дамуы мақсатында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша жасыл технологияларды әзірлеу мен енгізу жұмыстары да қолға алынуда», – деп атап өтті проректор.

Өз кезегінде Франция мемлекетінің Қазақстандағы бас консулы Фабрицио Неве ҚазҰУ басшылығы мен конференция ұйымдастырушыларына БҰҰ-ның экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі онжылдығының бір бөлігі болып табылатын жобаға қолдау танытқандарына ерекше алғысын білдірді. 

«2024 жыл – Франция мен Қазақстан үшін спорт және су ресурстары саласындағы символдық жыл: 2024 жылғы Париждегі олимпиада ойындары, Астанадағы V дүниежүзілік көшпенділер ойындары, сондай-ақ екі елдің 2024 жылғы қыркүйекте өтетін «Бірыңғай су саммиті» атты халықаралық су саммитін іске қосу шарасы», – деді консул.

Ғылыми жиында сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының Франциядағы достық елшісі Малгожата Туар, XCSS – CROSS COUNTRY SKIING SAND қауымдастығының президенті Эстель Пейен және басқалар сөз сөйледі.

Конференция аясында қатысушылар климаттың өзгеруі, тұрақты даму, экологиялық білім беру, экотуризм және басқа да өзекті мәселелерді талқылап, жиын соңында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ пен «Қазақстанның ұлттық парктерін қолдау қоры» ҚҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі