«Алтын-Емел» ұлттық паркіне экотур ұйымдастырылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ XCSS-CROSS COUNTRY SKIING SAND Француз қауымдастығымен және «Алтынемел» ұлттық паркімен бірлесіп «Айқайқұм» табиғи ескерткішіне экологиялық-спорттық тур ұйымдастырды.
Іс-шараға Францияның Алматы қаласындағы бас консулы Фабрис Неве, Қазақстан халқы Ассамблеясының Франциядағы достық елшісі Малғожата Туар, ҚР Парламенті Мәжілісінің қоғамдық палатасының эколог-сарапшысы Айжан Сқақова, XCSS-cross country SKIING Sand қауымдастығының президенті Эстель Пейен және т.б. қатысты.
Экологиялық-спорттық тур таулардағы климаттық жағдайлардың эволюциясы, су экожүйелерінің болашағы және барлық табиғи аумақтарды (атап айтқанда, Алтынемел саябағы) сақтау мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару мақсатында өткізілді.
Экологиялық-спорттық тур кезінде қорғалатын табиғи аумақтарды қолдау үшін «Парктер маршы» табиғат қорғау акциясы, «Құмдағы шаңғы» Айқайқұм экологиялық-спорттық тур, «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің аумағында қоқыстарды жинау бойынша экологиялық акция өткізілді.
Айта кету керек, XCSS «Климат күтпейді» жобасын БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», «Гендерлік теңдік», «Таза су және санитария», «Өзгеріске қарсы күрес», «Құрлық экожүйелерін сақтау» бағыттарын қамтыған.
Осы шара аясында Қазақстанда алғаш рет «Климат күтпейді» халықаралық жобасының үшінші шығарылымы жүзеге асырылды. Бұл шара экотуризмді ілгерілетуге және шалғайдағы аймақтардың климаттың өзгеруіне бейімделудегі мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі