ҚазҰУ ректоры Сингапурға жұмыс сапарымен барды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сингапурға жұмыс сапары аясында QS World University Rankings кеңсесіне барды. Университет басшысы QS Quacquarelli Symonds стратегиялық серіктестік және өзара іс-қимыл жөніндегі бас директоры Моника Хорнунг Каттанмен кездесу өткізді.
Жүздесуге Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия бойынша QS халықаралық рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов, іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі менеджер Шон Перейра, QS рейтингінің өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Тараптар 2024 жылдың 1 қарашасында ҚазҰУ-да өтетін QS пре-саммитінің дайындығын талқылады.
Жансейіт Түймебаев өз сөзінде QS – әлемдегі университеттердің көрсеткіші мен нәтижесін көрсететін ең беделді халықаралық рейтингтердің бірі екенін, сондықтан ҚазҰУ іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге толық көмек көрсететінін атап өтті.
Өз кезегінде QS Quacquarelli Symonds стратегиялық серіктестік және өзара іс-қимыл жөніндегі бас директоры Моника Каттан Жансейіт Түймебаевқа және кездесуге қатысушыларға QS пре-саммитінің жұмыс жоспары мен бағдарламасын таныстырды. Сондай-ақ Моника Хорнунг ҚазҰУ ректорына халықаралық іс-шараға қызығушылық танытып, өткізуге зор қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар кездесу барысында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Соңында тараптар QS пре-саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған барлық міндеттемелерді орындауға келісті.
Айта кету керек, жыл соңында ҚазҰУ-да Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім беру мәселелері бойынша QS пре-саммитін өткізу жоспарлануда. Оның жұмысына әлемнің 50-ге жуық елінен жоғары білім саласындағы 800 сарапшы қатысады деп күтілуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі