ҚазҰУ жастары Ұлттық Құрылтай бастамаларын талқылады
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен кездесті.
Еркін форматта ұйымдастырылған жүздесуге оқу ордасының белсенді және шығармашыл жастары, жас ғалымдар қатысты.
Президент құрылтайдағы сөзінде: «Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған – озық әрі табысты елге айналудың басты кілті», – деп атап өткен болатын.
Мәлік Отарбаев кездесуде студенттермен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары мен ұсыныстары туралы әңгімелесті. Өз сөзінде Президент кеңесшісі құрылтайда айтылған мәселелерді жүзеге асыруда жастардың қосар үлесі зор екенін және осы бағытта қоғам болып ұйысып, бірлесіп жұмыс атқару қажет екенін айтты.
Кездесу барысында Мәлік Отарбаев жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер туралы ақпарат берді. Сондай-ақ өз сөзінде Мәлік Нұржанұлы жастарға қолдау білдіру Президенттің басты назарында екенін жеткізді.
Президент кеңесшісі қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында ойларын ортаға салды. Заман талабына сай жастарға білімдерін шыңдауға, ақпараттық сауаттылықты арттыруға кеңес берді.
Жаңа бастамалар мен идеялар алаңына айналған Ұлттық құрылтайда жастар саясатын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Бүгінде жастарды теріс әрекеттерден сақтау, нашақорлық, электронды темекі/вейпті тұтынудың алдын алу, жасөспірімдерді лудомания және компьютерлік ойындарға тәуелділіктен арылтуға арналған Жол картасы әзірленді.
Кездесуде жаңа, әділетті Қазақстан жастарының интеллектуалды әлеуетін көтеріп, оларды білім, ғылымға тарту, кітап оқуға ынталандыру мәселелері қамтылды.
Студенттермен ашық диалог құрған кездесуде білім алушы жастар Мәлік Отарбаевқа сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі