ҚазҰУ-да Korea Sanhak Foundation стипендиясын салтанатты табыстау рәсімі өтті
Іс-шара қонақтардың “Smart Health” медициналық орталығына баруымен басталды. Содан соң әріптестік жөніндегі келіссөздер жүргізілді. Мерекелік шараның шымылдығын түре отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы білім, ғылым және денсаулық сақтау саласын дамытудағы әріптестіктегі еңбектің нәтижелі екенін атап өтті.
Korea Sanhak Foundation қорының бас хатшысы Ким Му Хан мырза стипендия сертификаттарын табыстай отырып, студенттерді еңбектерінің жоғары бағаланғанымен құттықтап, алдағы уақытқа сәттілік тіледі. «Бүгінгі таңда екі ел арасында әріптестікті ары қарай дамыта түсу үшін корейтану саласында білікті маман дайындау өте маңызды. Сондықтан қор басшылығы ҚазҰУ-дың үздік студенттерін ынталандыруға мүдделі», - екенін Ким Му Хан мырза ерекше айтты.
Қор 1974 жылы құрылған болатын. Мақсаты техникалық білім беру мен ғылыми зерттеулерге, кіші және орта ғылыми өнеркәсіпке және универиситеттерге қолдау көрсету. ҚазҰУ-дың шығыстану, химия және химиялық технология, биология және биотехнология, физико-техникалық және халықаралық қатынастар факультетінен 10 студент стипендия иегері атанды.
Стипендия сертификаттарын GPA көрсеткіштері жоғары кәріс студенттер, оқу озаттары мен корей тілін үйреніп жүрген және сол елдің мәдениетіне қызығушылық танытып жүрген студенттер алды.
Стипендияны салтанатты табыстау рәсіміне ҚазҰУ-ға Оңтүстік Кореядан Хван Ен Сам және Пак Ли Бан профессорлар, Кореяның бейбітшілік және демократиялық бірлестік кеңесінің төрағасы Ли Дже Ван мырза арнайы келді.
Салтанатты рәсім естелік суретке түсумен қорытындыланды.
Стипендиаттарды жеңісімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз көп болғай!
ҚазҰУ Баспасөз қызметі
8(7273) 77- 31- 49