Қазақстандағы исламтану зерттеулері: қалыптасу және даму перспективалары
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстандағы исламтанулық зерттеулер: қалыптасуы мен даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, республикамыздағы дінтанушы ғалымдар мен сарапшылар, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Дін мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды ұлықтау маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Біз салт-дәстүрімізді сақтап, саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз керек», – деп атап өткен болатын.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде ҚазҰУ ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, көшбасшы университеттің еліміздің ғылымы мен білімін дамытудағы ерекше үлесін атап өтті.
«Бүгінгі дөңгелек үстел тақырыбы өте өзекті әрі маңызды. Өйткені ел тұрғындарының басым бөлігін ислам дінін ұстанушылар құрайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дін мәселесі мен рухани құндылықтарымызды сақтауға ерекше назар аударады. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», – деп нақтылап атап көрсеткен болатын.
Мәлік Отарбаев исламтанудың маңызына тоқталып, «Қазір біздің елімізде дін саласының мамандары тапшы емес. Еліміздің бірнеше жоғары оқу орындары мамандар даярлайды. Сөйте тұра, әлі күнге дейін өзіміздің дәстүрлі ханафилік ислам дінінің ғылыми әдіснамалық, теориялық, теологиялық негіздері жасалып бітті деу қиын. Дәстүрлі діннің тарихымен бірге бүгінгі діни ахуалды фундаменталды, академиялық тұрғыда зерттейтін, тарихи көне жазбалармен жұмыс істейтін, діни ахуалға лайықты баға беретін, қоғамдағы сын-қатердің алдын алатын ғылыми институт керек», – деген өзекті ойын ортаға салды.
Дөңгелек үстел барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова университет ғалымдарының исламтану саласында іргелі зерттеулер жүргізіп отырғанын атап өтті.
Конференция барысында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбай, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы Досай Кенжетай, Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының бас ғылыми қызметкері Бақытжан Сатершинов, Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тышхан, ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманәлиева т.б. білікті ғалымдар мен сарапшылар сөз сөйлеп, исламтану мәселелеріне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференция жұмысын қорытындылаған Мәлік Нұржанұлы әр баяндамашының ой-пікірі мен ұсынысы қоғамдағы дін саласындағы өзекті мәселелердің түйінін шешуге елеулі ықпал ететінін атап өтті.