Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұйымдастыруымен ҚР жоғары оқу орындарының «Баспа ісі» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттер арасында VII республикалық студенттік пән олимпиадасы өтті.
Сайысқа Еуразия ұлттық университетінен «Күлтегін», «Көкжиек», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан Дәрмен Смайыл мен Нұрлыайым Данаеваның жетекшілігімен «Жәрдем», «Шұғыла» топтары қатысып, бақ сынасты. Білім жарысының басты мақсаты – болашақ баспагер, редакторлардың кәсіби һәм шығармашылық білім-білігін арттыру, үздік студенттерді анықтау, танымын кеңейту.
Студенттерге әділ төрелік еткен қазылар құрамында Қазақстан жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ЕҰУ баспасының директоры Телғозы Жұманалин, «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова болды.
Сайыс шымылдығын ашып берген ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы жарыстың негізгі мақсатын түсіндіріп, баспа ісінің келешегін сөз етсе, кафедра меңгерушісі Амангелді Шурентаев пен аға оқытушы Гүлжазира Ертасова сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиада төрт кезең бойынша өтті. Атап айтар болсақ: таныстыру, алдын ала бекітілген тақырыптар бойынша инфографикалық дизайн жұмыстары, баспа ісінің негізгі пәндерінен тест сұрақтары және редакциялау. Белгіленген кезеңдер бойынша әр команда тапсырмаларды ұтымды орындап, тапқырлық танытты.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар студенттерді ЕҰУ-дың бас корпусындағы музеймен таныстырды. Онда біздің заманымызға дейінгі тарихи жәдігерлер, тасқа қашалған жазулар, Күлтегін ескерткіші, басқа да мұралар сақталған. Көздің жауын алатын құндылықтарға студенттер таң-тамаша болды. Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанында орналасқан (Абылай хан даңғылы мен Ақбұлақ өзені бойындағы «Беласар» көпірі арасында) Ұстаздар саябағына да шолу жасалды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, сайыс нәтижесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының студенттерінен құралған «Жәрдем» құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Күлтегін» командасы, ал үшінші орынды тағы да ҚазҰУ-дың «Шұғыла» құрамасы иеленді.
Сайыс жеңімпаздарын әділқазылар алқасы университет ректорының атынан арнайы дипломмен марапаттап, естелікке кітап сыйлады.
Динара БОРАНБАЙ,
журналистика факультетінің 4-курс студенті