Шығыстану факультетінің түлектері бас қосты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде университеттің 90 жылдық және факультеттің 35 жылдық мерейтойына орай, Түлектер күні өтті.
Мерейтойлық шарада шығыстану факультетін әр жылдары тамамдаған белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бас қосты.
Түлектер күніне Қытай Халық Республикасындағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев, Иран Ислам Республикасындағы ҚР елшісі Оңталап Оңалбаев, Моңғолиядағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі Ғабит Қойшыбаев, Катар және Бахрейн елдеріндегі ҚР төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиев, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ынтымақтастық ұйымының бас директоры Берік Арын, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жанындағы ҚР тұрақты өкілі Нұрлан Аққошқаров, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер, отбасы және демография істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің қоғамдық палатасының мүшесі Тоғжан Қожалы, ҚР дипломатиялық қоғамдастығының төрағасы Серік Нарысов жылы лебіздерін білдірді.
Аталмыш шараға еліміздегі шығыстану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан білікті мамандар – профессор Клара Хафизова, профессор Нұржамал Алдабек және басқа да белгілі ғалымдар қатысты.
Шара аясында түлектер студенттік шақтардағы естеліктерімен бөлісіп, ұстаздарға естелік сыйлықтар тапсырып, үздік студенттерге арнайы шәкіртақылар табыс етті. Жиынның ресми бөлімінен соң қонақтар Шығыс мұражайымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі