Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар
Ағымдағы жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары бойынша Акселератор іске қосылған болатын. Жоба аясында жеті команда ТДМ-нің әртүрлі бағыттары бойынша өз жұмыстарын бастады.
ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағыты бойынша үш команда құрылған болатын. ТДМ 16 «Заңдардың сапасы» бағытындағы жобалық команданың жұмысы Сенат депутаты М.Қадырбектің жетекшілігімен жүзеге асырылуда. 2024 жылы 24 мамырда Нархоз университетінде Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының заң факультеттерінің өкілдерінің қатысуымен ТДМ 16 шеңберіндегі «Заңдардың сапасы» бағытындағы жобалық команданың басшысы Әбиірбек Саурықпен кездесу өтті.
Кездесуге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, КИМЭП университеті, Нархоз университеті, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы, Каспий қоғамдық университеті, Алматы менеджмент университеті заң факультеттерінің оқытушылары қатысты. Атап айтқанда, ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д., профессор Сәбікенов С.Н., з.ғ.д., профессор Айтхожин К.К., з.ғ.д., профессор Мухамеджанов Э.Б., з.ғ.д., профессор Ибраева А.С., з.ғ.д., профессор Баймаханова Д.М., з.ғ.д., профессор Алибаева Г.А., з.ғ.д., профессор Айдарбаев С.Ж., з.ғ.к., доцент Абайдельдинов Т.М., з.ғ.к., доцент Мынбатырова Н.К., з.ғ.к., доцент Алдашев С.М., з.ғ.к., доцент Рыскалиев Д.У., з.ғ.к., доцент Климкин С.И., з.ғ.к., доцент Жетібаев Н.С., з.ғ.к., доцент Калимбекова А.Р. т.б. қатысты.
Кездесу барысында заңгер ғалымдар сапалы заңнаманы қамтамасыз етудегі кедергілер және оның себептері туралы, азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін және барлық мүдделі тұлғалардың заңнамалық қызметке қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету жолдары туралы, заңдардың сапасы мен жоғары оқу орындағы заң білімін берудің сапасы арасындағы тікелей байланыстылық туралы өз ойларымен бөлісіп, сапалы заңнамалық базаны жетілдіру, оны жақсарту бойынша ұсыныстар жасады.
Кездесуге қатысушылар мұндай іс-шаралар заңдардың сапасын жақсартуға ықпал ететіндігін атап өтті және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.