Студенттерге арналған демалыс аймақтары құрылуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде студенттер үшін жаңадан демалыс аймақтары құрылып, дәліздер безендірілді.
ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев факультетте атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, білім алушы жастар үшін жасалған жұмыстарға қанықты.
Бүгінде химия және химиялық технология факультеті ғимаратының әр қабатында студенттерге арналған демалыс аймақтары ашылған. Бұл жастардың емін-еркін сабақтарын оқулары мен жайлылықтары үшін жасалып отыр.
Демалыс аймақтары заманауи үлгіде жасақталған. Төбе қабырғасына Менделеев кестесіндегі химиялық элементтер жазылған. Сондай-ақ факультет дәліздері мен фойелері ерекше дизайнмен жасалып, химия саласында еңбек еткен тұлғалардың суреттері ілінген.
Ректор Жансейіт Түймебаев факультет басшылығы мен қызметкерлеріне студенттер үшін жасалған жұмыстарға оң бағасын берді.
Соңында оқу ордасының басшысы барлық декандарға факультетте демалыс аймақтарының санын көбейтуді жүктеді. ҚазҰУ ректоры білім алушы жастардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, аталған жұмыстарды тиімді жүзеге асыруды тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі