ҚазҰУ ғалымдары Президент қолынан пәтер сертификатын алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жас ғалымдармен кездесіп, ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген бірнеше азаматқа салтанатты түрде пәтер сертификаттарын табыстады.
Пәтер алғандардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары, атап айтқанда доцент Ерғали Құрманов пен Сәмет Байжұма бар.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге жас ғалымдар, ЖОО ректорлары, ғылыми-зерттеу институттар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Президент баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанды көркейту үшін ғылым мен білімді дамыту қажет екенін жеткізді.
«Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды», - деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан ғалымдарға жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Шахислам Лайсханов сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі