Қабылдау комиссиясының жұмысы басталды
Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады.
Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында болып, комиссияның жұмыс барысымен танысты.
Қабылдау комиссиясы таңертеңгі сағат 09:00-ден бастап, кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Комиссия құрамында факультеттің жауапты мамандары, оқытушылар мен декан орынбасарлары бар. Олар талапкерлерге 16 факультет және ҚазҰУ базасындағы филиалдар туралы толық ақпарат беріп, бакалавриат, магистратура және докторантурадағы білім беру бағдарламалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Наталья Емның айтуынша, биыл талапкерлерге кеңес беру жұмыстары офлайн және онлайн форматында жүзеге асырылады.
«Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында талапкерлер мен ата-аналар үшін қолайлы жағдай жасалған. Жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясының сапалы жұмысы үшін оқуға түсушілердің барлық тілектері ескерілді», – деді Наталья Ем.
Талапкерлер университеттегі мамандықтар туралы толық ақпаратты welcome.kaznu.kz сайтынан біле алады. Сондай-ақ маңызды және соңғы жаңалықтар farabi.university сайтына және университеттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.
Қабылдау комиссиясы ҚазҰУ қалашығында орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Мекенжайы: Әл-Фараби даңғылы, 71/21.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі