ҚАЗҰУ ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГТЕ 230-ОРЫННАН 163-КЕ КӨТЕРІЛДІ

5 маусым, 2024

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің-профессорлары, студенттер!

QS World University Rankings 2025 (QS WUR) халықаралық рейтингі бойынша оқу орнымыз қол жеткізген жарқын жетістікпен  шын жүректен құттықтаймын!

Биыл қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы 9 көрсеткіш бойынша 67 позицияға жоғарылап, 230 орыннан 163 орынға көтерілді.

Рейтингке 21 қазақстандық жоғары оқу орны енген.

Бес қазақстандық жоғары оқу орны өз позицияларын жақсартты және тағы төрт жоғары оқу орны өз орнын сақтап қалды.

Соның ішінде ҚазҰУ әлемнің үздік 200 университетінің қатарын толықтырып отыр.

Қазақстан бойынша ғана емес, Орталық Азия университтері арасында да көш бастап тұр.

Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 321  (+34), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті 405-ші  (+76 позиция) орынға табан тіреді.

Биыл ҚазҰУ өткен жылмен салыстырғанда академиялық бедел, жұмыс берушілер арасында түлектердің сұранысы бойынша алға шықты.

Сондай-ақ  студенттер саны мен оқытушылар құрамының арақатынасы, тұрақты даму көрсеткіштері анағұрлым артқан.

Атап айтсақ, білім ордасындағы жоғары стандарттарға сәйкес халықаралық аккредиттеуден өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленді.

Жаңа оқу жылында 10 мың студент қабылданып, білім үрдісін интернационалдандыруда және білім бағдарламаларының сапасын арттыруда табысты жұмыстар атқарылды.

Әлемдік университеттермен ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлық, әлеуметтік әріптестікті дамыту саласында ілгері қадамдар жасады.

Инновациялық зерттеулер мен жаңа технологияларды жандандыру бағытында өз орнын сақтап қалды.

ҚазҰУ-дың QS WUR халықаралық рейтингіне жыл сайын қатысуы – білім ордасының әлеуетін жан-жақты бағалауға мол мүмкіндік береді.

Сонымен қатар,  қызметін одан ары дамытып, жетілдіруге, жаңа ізденістер жасап, ынталандыруға жол ашады.  

Біз бұл жарқын жетістікке ұжымның жасампаз еңбегінің арқасында   қол жеткіздік және бірлесе отырып биік белестерді бағындыра алатынымызды дәлелдедік.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымын кезекті жеңісімен құттықтаймын!

Құрметпен

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ