ҚазҰУ әлемдік рейтингте 163-орынға көтерілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS World University Rankings 2025 (QS WUR) халықаралық рейтингінде әлемдегі ТОП-200 ЖОО қатарына қосылды. Биыл еліміздегі көшбасшы университет тоғыз көрсеткіш бойынша 67 позицияға жоғарылап, 230-орыннан 163-орынға көтерілді.
ҚазҰУ – Қазақстан және Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында ең үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы және жалғыз университет.
Оқу ордасы өткен жылмен салыстырғанда академиялық бедел және жұмыс берушілер арасында түлектердің сұранысы бойынша алға шықты. Сонымен қатар оқытушылардың білім алушыларға арақатынасы, студенттер саны, халықаралық зерттеу желісі, тұрақты даму көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Айта кетейік, соңғы оқу жылында университетте кешенді құрылымдық жаңғырту жүргізіліп, бірлескен ғылыми халықаралық зертханалар ашылды. Жоғары стандарттарға сәйкес халықаралық аккредиттеуден өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленді. Сондай-ақ оқу ордасының базасында шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, өз жұмысын бастады.
Тұрақты даму мақсаттарының барлық бағыттарын орындай отырып, ҚазҰУ білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, инновациялық зерттеулер мен жаңа технологияларды жандандыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарды. Әлемдік университеттермен ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлық, әлеуметтік әріптестікті дамыту саласында да ілгері қадамдар жасалды.
Жаңа оқу жылында 10 мың студент қабылданып, білім үрдісін интернационалдандыруда және білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруда табысты жұмыстар жүргізілді.
ҚазҰУ-дың QS WUR халықаралық рейтингіне дәстүрлі түрде қатысуы білім ордасының әлеуетін жан-жақты бағалауға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар қызметін одан ары дамытып, жетілдіруге, жаңа ізденістер жасап, ынталандыруға жол ашады.
Биыл QS World University Rankings 2025 (QS WUR) халықаралық рейтингіне Қазақстанның 21 жоғары оқу орны енген болатын. Бес қазақстандық жоғары оқу орны өз позицияларын жақсартып, төрт жоғары оқу орны өз орнын сақтап қалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі