Жастар – келешек қоғамның тұтқасы
ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде мектеп оқушыларына мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру ісі өте жақсы жолға қойылған. Өйткені келешек қоғамымыздың басты тұтқасы әрі тұлғасы – бүгінгі мектеп оқушылары.
Сондықтан мектепте берілетін кәсіби бағдар жұмыстарының маңызы зор. Кәсіптік бағдар беру дегеніміз – педагогтердің, психологтердің, дәрігерлердің және басқа да қызметкерлердің қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір оқушының ынтасы мен бейімін ескере отырып, кәсіптік қызығуы мен қабілеттілігін қалыптастыруға және мамандық таңдауға көмектесуге мақсатты істелетін жұмыс. Кәсіпке баулу – бұл әрбір жеке тұлғаның ерекшелігін жеке салаларға қажетті сұранысы бар мамандықтарды ескере отырып, жастарды еркін және өзіндік мамандық таңдауға дайындаудың ғылыми негізделген жүйесі.
Ал білім берудің негізгі мақсаты – білік пен дағды арқылы дербестік, ізденімпаздық, өзгермелі жағдайда жасөспірімдерді жан-жақты жеке тұлға ретінде даярлау. Оқушының өзіндік жалпы дамуын, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз ету және оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау. Осы міндеттердің ішінде қоғамдық даму күрделенген сайын баланы жастай алдағы кәсіпке бағдарлай әзірлеу ең көкейкесті мәселеге айналып отыр. Қазіргі кезеңде жалпы білімнің міндеті – баланың жалпылама дамуын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы, оларды жастай өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа арнайы бағыттай білу. Соған байланысты факультет оқытушылары өз қалауымен мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып, түрлі олимпиада және Ашық есік күндерін өткізіп отырады. Факультетте таяуда өткен кездесулер легі осыған дәлел бола алады. Шара барысында оқушыларға мамандықтың қыр-сырын, мамандық таңдауда қателеспеуін, білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты түсіндірілді. Кездесу соңында оқушыларды кітапханаға, мұражайға апарып таныстырдық.
Эльмира ЗҮЛБҰХАРОВА,
Жылуфизикасы және техникалық физика кафедрасының
аға оқытушысы