ҚазҰУ 400 позицияға алға жылжыды
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, білім алушы жастары!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Times Higher Education Impact Rankings – 2024 бойынша алғаш рет Топ 401-600 ЖОО қатарына енді. Баршаңызды бірлікте бағындырған айрықша жетістікпен шын жүректен құттықтаймын!
Халықаралық рейтингке әлемнің 1963 университеті енген.
Біздің оқу орнымыз айтулы межеге БҰҰ бастаған Тұрақты даму мақсаттарының барлық бағытын жүзеге асыру арқылы қол жеткізіп отыр.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл ҚазҰУ рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, көш бастады.
Мәселен, ТДМ-ның №5 «Гендерлік теңдік» бағытында 56-орынға, ал №7 «Қолжетімді және таза энергия» бағытында 68-орынға жайғасып, үздік 100-ке кірді.
Оқу ордасы №12 «Жауапты тұтыну және өндіріс», №14 «Теңіз экожүйелерін сақтау» және №15 «Құрлық экожүйелерін сақтау» бойынша Топ-200 ЖОО қатарына қосылды.
№6 «Таза су және санитария» бағыты бойынша 100 позицияға жоғарылап, 201-300 орынға көтерілді.
«Жақсы денсаулық және әлеуметтік әл-ауқат» бағытында 601-800 орын алып, 200 позицияға жоғарылады.
Университет Тұрақты даму мақсаттарының «Аштықты жою», «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу», «Индустрияландыру, инновациялар, инфрақұрылым», «Тұрақты қалалар және елді мекендер» бағыты бойынша Топ-600 ЖОО қатарында.
Сонымен қатар көшбасшы жоғары оқу орны №16 «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар», №17 «Тұрақты даму үшін серіктестік» бойынша өз позициясын сақтап қалды.
Бұл жетістікті сақтап қалу және бұдан да жоғары нәтижеге ұмтылу бізге жоғары жауапкершілік жүктейді.
Алдағы уақытта да табанды түрде еңбектеніп, кәсіби біліктілік танытатындарыңызға сенім артамын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымының айқын жеңісі құтты болсын!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор
Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ