ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов университеттің белсенді студенттерімен кездесті
ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ескі дәстүр бойынша университеттің белсенді студенттерімен кездесті.
Белсенді жастар үшін кездесу – ректормен еркін пікір алмасуға үлкен мүмкіндік. Кездесу аясында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары атқарылған жұмыстардың тізімін баяндады.
Іс-шара барысында көптеген тақырыптар қозғалды: білім беру үдерісінің сапасына баға беру, тұрмыстық-әлеуметтік және тамақтандыруды бақылау, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, академиялық құқық бұзушылықпен күрес, құқықтық бақылау. Студенттердің ғылыми қызметіне ерекше көңіл бөлінді. Бірде бір сұрақ ректордың назарынан тыс қалмады.
Ғалымқайыр Мұтанов ҚазҰУ брендін дамытып және университетке лайық имидж қалыптастырып отырған студенттерге алғыс білдірді. «Біздің университетте нәтижеге бағытталған басқару жүйесі жұмыс жасайды. Және ғылым мен білімді дамытуға барлық жағдай жасалған», - деді ректор.
Тәрбие ісі жөніндегі департамент директоры Мендігүл Ноғайбаева ҚазҰУ-дың өзін-өзі басқару ұйымдары әлеуметтік әріптестік негізінде жұмыс жасайтынын ерекше атап өтті. «Басқарудың бұл түрі өте тиімді. Ол университетті басқарудағы жауапкершілік пен рөлдерді университет әкімшілігі мен белсенді студенттер арасында бөліп басқаруға мүмкіндік береді».
Кездесу ашық диалог түрінде өтті. Студенттік ұйымдардың қызметін жақсарту мен стратегияларын дамыту бойынша 2016 жылға арналған жоба талқыланып, пікір алмасу болды. ҚазҰУ жастар ұйымы комитетінің жаңа басшысы тағайындалды. Ол журналистика факультетінің 1-курс магистранты Айсұлу Ерниязова.
ҚазҰУ студенттері Алматы қаласының әкімшілігімен, жоғары оқу орындарымен, «Жас Отан» жастар қанатымен, Қазақстанның студенттер Альянсымен және жастар Конгресімен белсенді әріптестік жүргізіп келеді. Алдағы уақытта шетелдік жоғары оқу орындарының өзін-өзі басқару ұйымдарымен байланыс орнату жоспарда бар.
Белсенді жастар ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа студенттердің барлық бастамаларына қолдау көрсетіп отырғанына алғыс білдірді. Іс-шараға Алматы қаласының жастар саясаты жөніндегі Басқарма басшысы Нұрлан Сыдықов қатысты.
Кездесуді қорытындылай келе, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенді мүшелерінің жеткен жетістіктерін атап, оларға «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық төсбелгілерін табыстады. Бұл марапатқа ҚазҰУ түлегі, Алматы қаласының жастар саясаты жөніндегі Басқарма басшысы Нұрлан Сыдықов та ие болды.
Кездесу аясында факультеттердің студенттік ұйымдарымен бірлесіп көрме ұйымдастырылды. Көрмеге стендтер, плакаттар, буклеттер, кубоктар, алғыс хаттар мен ғылыми және спорттық жетістіктердің сертификаттары, әдістемелік оқулықтар, жас ғалымдардың мақалалары және т.б. қойылған. Студенттік ұйым өкілдері өздерін республикалық, халықаралық олимпиадалар мен конференциялардың, зияткерлік ойындар мен спорттық жарыстардың, қалалық және республикалық мерекелердің, әлеуметтік іс-шаралардың, акциялар мен флешмобтардың белсенді қатысушылары екенін көрсетті.
ҚазҰУ Баспасөз қызметі
8(7273) 77- 31- 48