ҚазҰУ-да жас архившілердің жазғы мектебі өтуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да цифрлық трансформация жағдайында архивтерді жинақтаудың өзекті мәселелеріне арналған жас архившілердің VII халықаралық жазғы мектебі басталды.
2017 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін жазғы мектеп – отандық және шетелдік мамандар асыға күткен маңызды шара. Оны Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Халықаралық жазғы мектеп жас мамандардың біліктілігін арттыруға, оларды архив жұмысының жаңа технологиялары және заманауи әдістерімен таныстыруға, архив саласындағы халықаралық байланыстарды дамытуға бағытталған. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің өкілдері, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан архив мекемелерінің басшылары қатысты.
Форум қатысушыларын ТМД Атқарушы комитетінің экономикалық ынтымақтастық департаментінің кеңесшісі Марина Кулагина қарсы алды. «Бүгінде архив ісінде болып жатқан ауқымды өзгерістер ең алдымен цифрландырумен байланысты. Соңғы жылдары ақпарат көздерін кәсіби сақтаушыларға – архившілерге қойылатын талап артып келеді, ал біздің елдерге жас, талантты мамандар қажет. Осындай алаңды ұйымдастыру арқылы олар кәсіби біліктілігін арттырып, қажетті білім алып, байланысты кеңейтіп, тәжірибе алмаса алады», – деп атап өтті Марина Кулагина.
Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігінің директоры Ұлықбек Муталибов онлайн режим арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің архивіне жазғы мектепті ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. «Бұл жас мамандардың тәжірибесімен алмасу үшін ең қолайлы алаң. Ақпараттық технологиялардың қарқынды даму дәуірінде архив саласының алдында үлкен міндеттер тұр. Электрондық құжаттарды сақтау, оларды есепке алып пайдалануын ұйымдастыру, олардың құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету мәселелері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі таңда біз үшін цифрлық трансформация процесінде архивтердің рөлі қандай болатынын білу маңызды», – деп атап өтті Ұлықбек Муталибов.
Іс-шарада сонымен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президені Ефим Пивовар, Бүкілресейлік құжаттама және архивтік іс ғылыми-зерттеу институтының директоры Павел Кунг, Беларусь құжаттама және архивтік іс ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Рыбаков, Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы директорының орынбасары Дулат Жүкенов және т.б. спикерлер сөз сөйледі.
Жас архившілердің үшкүндік VII халықаралық жазғы мектебінің бағдарламасы заманауи архив пен іс, электрондық құжаттарды сақтаудың өзекті тақырыптары бойынша дәріс, шеберлік-сынып, семинар және экскурсияларды қамтиды.
Іс-шараға Беларусь, Италия, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Танзания, Өзбекстан, Франция және Қазақстанның басқа өңірлерінен 100-ден астам архивші қатысуда.
Жазғы мектептің қорытындысы ретінде барлық қатысушыларға арнайы сертификат табысталады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі