ҚазҰУ-ға Фидель Кастроның ұлы келді

23 қазан, 2015

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ресми сапармен Куба Республикасының Министрлер Кеңесінің және Мемлекеттік Кеңес төрағасының ғылыми істер жөніндегі кеңесшісі Фидель Кастро Диас-Баларт келді.

Фидель Кастро Диас-Баларттың басқаруымен ҚазҰУ-ға Куба Республикасының бір топ делегациясы келді. Делегацияның құрамында Диас Баларттың жұбайы Мария Виктория Барреиро Давалос пен көмекшісі Дуглас Пардо Mесиа бар.

Қонақтар алдымен ҚазҰУ мұражайын аралап, университеттің тарихымен, жеткен жетістіктерімен танысты. Содан соң университет басшылығымен кездесті. Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Куба делегациясына университеттің ғылыми қызметі мен мақсаттары туралы баяндады. «Бүгінде ҚазҰУ ұжымы университетті халықаралық деңгейде жоғары дәрежеге көтеруге ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Біз жақында халықаралық QS рейтингінде 275-орынға көтерілдік. Қазірде біздің мақсат әлемнің 200 үздік униврситеттер тізіміне ену. Куба Республикасында медицинаның, ядролық физика мен білім беру жүйесінің жоғары деңгейін ескере отырып, біз сіздермен әріптестік орнатуға толықтай дайынбыз»,- деді ректор.

«Сонымен қатар біздің әріптестік тарихын да айта кеткен жөн. КСРО кезінде Қазақстан мен Куба достық қарым-қатынаста болды. Екі ел белсенді түрде студенттермен алмасып, бірігіп ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Енді сол әріптестікті жандандырып, сапасын арттыратын кез келді»,- деп атап өтті Ғалымқайыр Мұтанов

Фидель Кастро Диас-Баларт ректорға алғыс айтып, бүгінде ғылымның жарықтың жылдамғымен дамып келе жатқаны жайлы, сонымен қатар Кубадағы медицинаның даму деңгейі туралы сөз қозғады. «Біздің елде медициналық қызмет ақысы өте төмен, бірақ сапасы АҚШ пен Канада медицинасынан артық болмаса, кем емес. Біз, сіздің университетпен осы саладағы тәжірибемізбен қуана-қуана бөлісеміз», - деді кубалық дипломат.

Кездесу соңында Ғалымқайыр Мұтанов Фидель Кастро Диас-Балартқа «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» атты алтын төсбелгіні табыстады.

Кездесуден кейін кубалық делегация әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ұлттық нано-технологиялық және зерттеудің физика-химиялық әдістері мен анализ орталығын аралады. Сапар барысында Фидель Кастро Диас-Баларт жас ғалымдармен тілдесіп, қазақстандық зерттеушілердің жаңа жұмыстарымен танысты.

Қазақстан мен Куба Республикасы арасындағы білім және ғылым саласындағы әріптестіктің 20 жылдық тарихы бар. Ол 1995 жылы Кубаның астанасы Гаванада ғылым мен мәдениет саласындағы әріптестікке қол қойылған кезден бастау алады. Сонымен қатар, жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Куба Республикасының жоғарғы білім беру министрлігі арасында білім беру саласындағы әріптестік жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Жасалған келісімшарттар негізінде ЖОО оқытушылары мен студенттеріне екіжақты тәжірибе алмасуға жағдай жасалды.ъ

ҚазҰУ баспасөз қызметі

8(727) 377- 31-49