Экономика

24 қазан, 2015

Білім берудің еуропалық сапасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриат және магистратураның сегіз білім бағдарламасына EUR-ACE сапа белгісі тағайындалды. Сертификат еліміздің индустриалды-инновациялық бағытына сай мамандар дайындауға арналған.

EUR-ACE - инженерлік білім берудің жоғары сапа көрсеткіші, ол түлектерге Еуроодаққа мүше елдерде танылуға мүмкіндік береді.

EUR-ACE аккредитациялау үлгісін техника саласына байланысты біліктіліктің еуропалық жүйесіне сай бакалавр және магистр деңгейіндегі білім беру бағдарламаларын бағалауға пайдаланылады. Сонымен қатар EUR-ACE сапа белгісі инженерлік білім беру бағдарламаларының стандарттарға сай екеніне кепілдік береді.

«Енді білім беру бағдарламаларының EUR-ACE caпасымен оқыған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері «Еуропалық инженер» кәсіби атағын алып, еуропалық инженерлер регистріне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл сөзсіз мамандардың қоғамдағы орнын айқындап, жұмысқа орналасу кезінде таңдаудың артуына септігін тигізеді», - деп атап өтті ҚазҰУ-дың оқу жумысы жөніндегі проректоры Дархан Ахмет-Заки.

Бұдан бұрын, білім беру бағдарламаларын жоғары сапамен қамтамасыз ету мақсатында ҚазҰУ басқаратын ЖОО Консорциумы ENAEE бірлестігімен келісімге қол қойған болатын. Ол EUR-ACE сапа белгісін ала отырып, инженерлік және жаратылыстану бағытындағы білім беру бағдарламаларын аккредитациялауға және инженерлік аккредитацияланған бағдарламаларының жалпы еуропалық регистріне енуге бағытталған.

ENAEE - Еуропа кеңістігінде жоғары білім беретін инженерлік ұйымдардан тұратын халықаралық аккредитацияланған агенттіктер желісі. Аккредитация нәтижесінде ENAEE EUR-ACE Label сапа белгісін және халықаралық ENAEE сертификатын алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде ENAEE-гe инженерлік білім беру саласындағы аккредитацияланған 13 жетекші агенттік мүше.