Парсы тілі курсын бітіргендерге сертификат табысталды
Парсы тілін тегін оқу курсының қатысушыларына курсты аяқтағаны туралы сертификатты 2024 жылдың 14 маусымында Иранның Алматыдағы Бас консулдығының мәдени кеңесшісі, әрі Сағди қорының өкілі мен ҚР Ұлттық кітапханасы басшылығы табыс етті.
Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының мәдени кеңесшісі, әрі Сағди қорының өкілі Хусейн Ағазаде осы сертификат табыстау рәсімінде сөйлеген сөзінде парсы тілінің маңыздылығына тоқталып, табандылығымен және еңбекқорлығымен осы курстан сәтті өткендерді құттықтады. Х.Ағазаде мырза өз сөзінде курсты үздік бітірген тіл үйренушілердің алдағы айда Иранға 2 апталық курсқа баратынын айтты.
ҚР Ұлттық кітапханасы директорының кітапханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ажар Юсупова тіл үйренудің артықшылығына тоқтала келе, тіл үйренушілерді курсты сәтті аяқтауларымен құттықтап, осы курсты өткізуге ұйытқы болған Иранның Алматыдағы Бас консулдығының мәдени өкілдігіне және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-інің парсы тілі оқытушыларына алғыс білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Ирантану бөлімінің оқытушылары жүргізген парсы тілінің бастауыш және орта деңгейі бойынша курс 2024 жылы 1 ақпанда ҚР Ұлттық кітапханасында 30-дан аса тіл үйренушінің қатысуымен басталған болатын. 16 аптаға (1 семестр) созылған курс соңында оқуды сәтті аяқтаған 23 парсы тілін үйренушіге сертификат берілді.
Парсы тілі курсы қыркүйек айында жалғасатын болады және парсы тілін үйренгісі және жалғастырғысы келетіндер алдағы курсқа қатыса алады.
Тіл үйренушілерге Қазақстандағы ең тәжірибелі парсы тілі оқытушылары Ғалия Қамбарбекова мен Болатбек Батырхан дәріс берді.