«Микроспутниктік тәжірибе 2024» жазғы лагері

16 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінде өтіп жатқан «Микроспутниктік тәжірибе 2024» атты Жазғы лагерьге қатысуда. Жазғы лагерь 2024 жылдың маусым айының 16-жұлдызында басталып, 27-жұлдызына дейін болады. Лагерь бағдарламасы  көптеген кәсіби дәрістерден, қытай тілі мен мәдениеті курстарынан, сондай-ақ СБПУ кампусына, озық кәсіпорындарға және мәдени көрікті жерлерге экскурсиядан тұрады. Жазғы лагерьге қатысуға физикалық-техникалық факультеті мен ақпараттық технологиялар факультетінің техникалық және инженерлік мамандықтарының оқуда үздік нәтижелер көрсеткен, факультет және университет деңгейіндегі іс-шараларға белсенді араласып жүрген, сондай-ақ ғылыми жобаларға қатысатын 20 студент іріктеліп алынды, сондай-ақ қатысушылардың жетекшісі ретінде физика-техникалық факультеті қатты дене физикасы және бейсызық физика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Жексебай Даурен бекітілді. Аталған іс-шара ҚазҰУ базасында ашылған СБПУ филиалына магистрант тарту үшін жүргізіліп жатқан кәсіптік бағдар беру жұмыстары, сондай-ақ жуырда ҚазҰУ ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы мен СБПУ вице-президенті Яо Сяокуй қол қойған қос университет арасындағы микроспутниктік ғылыми-зерттеулер мен мамандар дайындау бойынша меморандумға сәйкес ұйымдастырылған. Жазғы лагерь қатысушыларға Қытайдың алдыңғы қатарлы техникалық университетінің академиялық ортасымен, Қытай елінің мәдениетімен танысуға, микроспутниктерді жобалау, жасау және ұшыру саласындағы жетекші мамандардың дәрістерін тыңдауға, сондай-ақ жалпы микроспутниктер әлеміне енудің бірегей мүмкіндігін береді.

Нұрзада Бейсен

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика-техника факультеті деканы