ҚазҰУ-да Шыңжаң университетінің (ҚХР) студенттеріне арналған жазғы мектеп басталды

20 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Шыңжаң университетінің (ҚХР) білім алушыларына арналған «Қоршаған ортаға антропогендік әсерді бағалау әдістері: геожүйелер, қоғам, білім, мәдениет және дүниетаным» тақырыбында «Қоршаған ортаны қорғау – 2024» І халықаралық жазғы мектебі басталды. Оны география және табиғатты пайдалану факультеті ұйымдастырды.

Жазғы мектептің мақсаты – тұрақты даму және экологиялық жауапкершілік мәселелері бойынша пікірлестерді біріктіру арқылы БҰҰ ТДМ-ға қол жеткізу үшін халықаралық жастар платформасын құру.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) жөніндегі саммитінде айтқан сөзінде ТДМ-ға қол жеткізу біздің еліміз үшін ұлттық басымдық екенін  және БҰҰ қолдауымен техникалық, ғылыми зерттеулер және тәуекелдерді бағалау саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін ерекше атап өтті.

30 маусымға дейін өтетін жазғы мектеп шеңберінде білім алушылар геожүйелерге антропогендік әсер етудің негізгі ұғымдары мен теорияларын зерделейді. Сондай-ақ геожүйеге антропогендік әсерді бағалаудың қазіргі заманғы әдістері мен құралдары көрсетіліп, антропогендік қызметтің қоғамға әсер ету факторлары сияқты өзекті мәселелер қаралып, талданады.       Геожүйелерге антропогендік әсер біздің өміріміздің барлық аспектілеріне – қоғам мен білімнен бастап, мәдениет пен дүниетанымға дейін айтарлықтай әсер етеді.

Факультет деканы Әлия Ақтымбаева атап өткендей, биыл Әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ мен Шыңжаң университеті арасында география және қашықтықтан зондтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды және бұл жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, жазғы мектепті іске асырудың драйверіне айналды.

Жазғы мектеп аясында факультет оқытушылары қоршаған ортаға әсерді бағалаудың түрлі әдістерін көрсетіп, экожүйеге қатысты туындайтын салдарын талқылайды.

​​​​​​​

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі