Sai.Tech Global Corporation өкілдері ҚазҰУ-ға келді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев SAI GROUP компаниясының негізін қалаушы әрі төрағасы Артур Ли бастап келген SAI.TECH GLOBAL CORPORATION корпорациясының өкілдерімен кездесті.
Делегация құрамын қарсы алған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында ғылыми-білім беру саласында тұрақты байланыс барын атап өтті.
Бүгінде ҚазҰУ ҚХР-дың 57 жоғары оқу орындары және ұйымдарымен қарым-қатынас орнатқан. Оның ішінде Шанхай шет тілдер университеті, Шанхай саясат және құқық университеті, Сиань Цзяотун университеті, Солтүстік-батыс политехникалық университеті, Ланчжоу университеті, Шэньчжэнь, Пекин университеттері және басқалар бар.
2023 жылы ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (СБПУ) филиалы ашылды. Онда қазіргі таңда «Электроника және коммуникациялық технологиялар», «Материалтану және инженерия», «Информатика және технологиялар» атты үш білім беру бағдарламасы іске асырылуда.
Өз кезегінде SAI GROUP компаниясының негізін қалаушы, төрағасы Артур Ли университет басшылығының қабылдауына алғысын білдіріп, QS рейтингінде әлемдегі үздік ЖОО-лар арасында 163-орында тұрған ҚазҰУ-мен серіктестікті одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Жүздесу барысында тараптар бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылап, білім, ғылым саласындағы ынтымақтастық бағыттарын дамыту бойынша өзара пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі