Сапалы білім бәсеке қабілеттілігіне кепіл
Еліміздегі сапалы білімнің негізгі аспектілерінің бірі – білімнің қолжетімділігі. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен тағайындалған шәкіртақы ЖОО-да түрлі әлеуметтік-экономикалық топтағы жастардың жан-жақты білім алуына мүмкіндік береді.
Бүгінде білім берудің жаңа инновациялық тәсілдерін дамыту арқылы білім саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Заманауи технологияларды, интерактивті әдістерді және цифрлық ресурстарды пайдалану жастар үшін оқу үдерісін тиімді әрі тартымды ететіні сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда ҚазҰУ-дың соңғы жылдардағы ізденісі ерекше. Мәселен, Экономика және бизнес жоғары мектебінде болашақ экономистерге арналған студенттердің «ХХІ ғасыр экономисі», «Инновациялық экономика» сияқты Экономика кафедрасының студенттік ғылыми үйірмелеріне қатысу, сондай-ақ жыл сайын өтетін халықаралық Фараби оқулары аясында студенттер мен жас ғалымдарға арналған «Әл-Фараби әлемі» атты халықаралық конференцияға қатысу мүмкіндіктері бар. Жоғары курс студенттері «Мен жастарға сенемін!» атты халықаралық форумға қатысып, онда өздерінің инновациялық жобаларын, стартаптарын ұсынып, өз ойларымен бөлісе алады.
Сапалы білімнің маңызды элементі ретінде табысты мансапқа қажетті дағдыларды дамыту күн тәртібінде тұр. Бұған тек техникалық және кәсіби білім ғана емес, сондай-ақ коммуникация, көшбасшылық, аналитикалық ойлау және командалық жұмыс сияқты soft skills дағдылары қажет. Сапалы білім беруде басқа да білім беру орындары, бизнес сектор және үкімет арасында серіктестік орнату да маңызды рөл атқарады. Бұл білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттілігіне бейімдеуге, жастарға кәсіби және жеке өсу мүмкіндігін қамтамасыз етуге көмек береді.
Білім беруді жүйелі дамыту еліміздің әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, кез келген тұлға мен мемлекеттің табысты болашағын құруға лайық белсенді жастар тобын қалыптастыруға ықпал етеді.
Экономика және бизнес жоғары мектебі Экономика кафедрасының «Экономика» ББ бойынша 1-курс білім алушылары осы оқу жылында тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға қатысты көптеген шараларға қатысып, белсенділік танытты. Соның ішінде «Миллионерлер алаңы» интеллектуалды ойынына қатысқан Ә.Ділдәбек, Б.Сейтмұрат, Ж.Түйме, Ұ.Ғалымбек I дәрежелі диплом иеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты мақаласындағы ұлттық құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен республикалық байқауға қатысқан Кербез Тохтарбай «ҚР Жастар саясатының үздігі» I дәрежелі дипломы, Әсия Ділдәбек «Қазақстанның үздік студенті» I дәрежелі дипломымен марапатталды. Бұдан өзге студенттеріміз ҚазҰУ-дың 90 жылдығына орай өткен «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясына қатысып, жеңімпаз атанды.
Гүлмира АНДАБАЕВА,
э.ғ.к., доцент