БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Сіздерді Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», – деп атап өтті.
Шын мәнінде сіздердің жоғары білім мен ғылым саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз зор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметін насихаттауда сіңірген еңбектеріңіз айрықша. Ғылыми-инновациялық жаңалықтарды тұрақты жариялап, ауқымды іс-шараларда ақпараттық қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін!
Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ