Алматы – Алатаудың ақ төсінде орын тепкен құтты мекен. Сол құты тасыған мекеннің ғажабы мен кереметі, мыңжылдық тарихы бар әсем қала тамаша табиғатымен кез келген жас өренді өзіне ғашық етеді. Мен де сұлулығына көз тоймайтын сол әсем қалаға ғашық жанның бірімін. Ондағы бірінен-бірі өтетін жоғары оқу орындары жастарды қол бұлғап шақырып тұрғандай...
Әдетте талапкерлер оқу орнын таңдағанда әуелі университеттерді қарап, кейін орналасқан қаласын зерттей бастайды. Ал мен әуелі қаланы таңдадым. Жасыл желекке оранған Алматы мені бұрыннан өзіне тартатын. Сөйтіп, таңдап отырған мамандығыма сай, осы қаладағы үздік жоғары оқу орындарын қарап шықтым. Мен таңдаған мамандық – журналистика саласы. Менде оқу орындары бойынша бірнеше нұсқа болды. Алдымен зерттедім, содан кейін салыстырып сараладым. Менің арманымдағы жоғары оқу орны – Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Университеттің жұмыс істеп келе жатқанына бір ғасырға жуық уақыт болды. Тиісінше оқытудың сан қырлы әдісі мен тұрақтылық сезіледі. Бұл университет мені өзінің көптеген ерекшелігімен таңғалдырды. ҚазҰУ-ға оқуға түсу менің үлкен арманыма айналды. Ең әуелі мені университеттің білім сапасы мен әлемдік рейтинг бойынша үздік нәтижесі қызықтырды. Әлемдік рейтингте көрсеткіші едәуір артқан. 2012 жылы әлемдік үздік 390-шы университет атанса, 2024 жылғы рейтингте 163-орынға көтерілді. Бұл мақтауға әбден лайықты.
Екінші, мені университеттің орналасқан жері мен оқыту нысаны қызықтыра түсті. Қаланың дәл ортасында жайлы жерде орналасқан ҚазҰУ тұтас қалашық екен. Оның айналасында білімгерге керектінің бәрі бар. Кітапхана, жатақхана, оқыту ғимараттары, зәулім ректорат, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, дүкен және т.б. Мұның бәрі студенттің тығыз уақытын үнемдеуге қолайлы.
Үшінші, мені университет қабырғасынан шығатын «QAZAQ UNIVERSITY» газеті тартты. Әр апта сайын жаңа нөмірі басылып шығады. Оны мен сайттан оқып тұрамын. Өзім журналистика саласын таңдап жатқан соң, бұл басылым маған жақын. Мақала жазу, қызық ақпараттармен бөлісу – менің сүйікті ісім. ҚазҰУ-ға оқуға түссем, осы газетке мақала жазатыныма сенімдімін.
Әрине, мамандықтың жаманы жоқ, дегенмен мен таңдаған мамандық сан қырлы, өзіңдік дара қырлары өте көп. Мен жаңалықтың жаршысы болып, өзімнің болашақ мамандығыма сәйкес, қандай қиындық болса да төтеп беріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жаңа Қазақстанның құрылуына септігін тигізетін маман болғым келеді. Білімділік пен біліктілік жолында маған мен таңдаған университеттің берері мол. Атақты Зейнолла Қабдолов, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырза Әлі, Дулат Исабеков сынды елдің бетке тұтар азаматтары білім алған қара шаңыраққа оқуға түсіп, білім алу мен үшін бір ғанибет. Бұйырса, студенттер қатарына қосылып, тіршілігі қайнап жатқан қазанға түсу менің арманыма айналды.
Қарақат СЕЙТЕН,
Жуантөбе орта мектебінің түлегі
Созақ ауданы
Түркістан облысы