ҚазҰУ-да «One Love Almaty» республикалық байқауының қорытындысы өтті

24 қазан, 2015

ҚазҰУ-да «One Love Almaty» республикалық байқауының қорытындысы өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы брендын дамыту аясында Қазақстан туристік агенттіктерінің қауымдастығы, БҰҰ Даму бағдарламасы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың туризм кафедрасымен бірлесе отырып ұйымдастырылған «One Love Almaty» республикалық байқауының қорытынды-марапаттау кезеңі өтті.

Іс-шараға Алматы қаласының туризм басқармасының басшысы Тимур Дүйсенғалиев, United Nations Development Programme бағдарламасының өкіліМейрамгүл Бейсенова, Қазақстан туристік агенттіктер қауымдастығының өкілі Эльнара Етімова,«Aigul Line» этнокиім сән үйі дизайнері Айгүл Жансерікова қатысты.

Алматы қаласының туризм басқармасының басшысы Тимур Дүйсенғалиев: «Сіздердің мүмкіндіктеріңізбен Алматыны бүкіл әлемге мәшһүр етуге болады. Әлеуметтік желілердің дамуымен туризмді дамыту жаңа сатыға көтерілді. Ұйымдастырылып отырған іс-шара Қазақстанның туризм саласына жаңа серпін береді деп сенеміз. Бұл байқау бір жағынан желілік маркетинг тәрізді. Байқаудың арқасында сіздер Қазақстанға туристердің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік алдыңыздар», - деп, «One Love Almaty» байқау қатысушыларына алғыс білдіріді.

Бағдарлама аясында фотокөрме, этно-жәрмеңке, «Aigul Line» сән көрсетілімі, CheeS Media фотостудиясынан қонақтарға арналған жеке фотосессия өткізілді. Сонымен қатар кеш қонақтары мен қатысушылары қазақтың қолөнер шеберлерінен теріден аяқ киім тігу, саз балшықтан ұлттық нақыштағы бұйымдар жасау, ұзатылатын қызға арналған сәукеле тігу және тағы басқа шеберлік сағаттарын тамашалады.

«One Love Almaty» республикалық байқауы негізгі үш бағыт бойынша өтті: туристік аймақтардағы үздік селфи, «Қазақстандағы туризм» тақырыбы аясында түсірілген үздік видео және «Visit Almaty» тақырыбындағы үздік презентация. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталып, ҚазҰУ-дың «People Say» лидерлік клубы ұйымдастырған тамаша концерттік бағдарламаның куәгері болды.