Қытай компаниясы университеттің ғылыми инфрақұрылымымен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр фармацевтикалық компаниясының өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Делегация құрамында Шыңжаң-Ұйғыр фармацевтикалық компаниясының төрағасы Инь Цян, бас директор Хань Сянчжи және компания мамандары бар.
Құрметті қонақтар алдымен ҚазҰУ базасындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығына барды. Орталық директоры Жанар Жеңіс Шыңжаң-Ұйғыр фармацевтикалық компаниясының өкілдеріне жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары туралы айтып, жұмыс нәтижелерімен таныстырды. Сонымен қатар соңғы үлгідегі аппараттар мен құрылғылар туралы ақпарат берді. Бүгінде орталықта дәрілік өсімдіктерден жасалған адам өміріне пайдалы биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайлар дайындалады.
Айта кетейік, ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы мен Шыңжаң-Ұйғыр фармацевтикалық компаниясы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Болашақта екі орталық бірлесіп жаңа дәрілік өнімдер шығаруды жоспарлап отыр.
Кейін Шыңжаң-Ұйғыр фармацевтикалық компаниясының төрағасы Инь Цян бастаған делегация Фараби кітапханасында болып, университеттің тарихымен танысты.
Фараби кітапханасы Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие. Кітапханада 2 млн-нан астам кітап қоры бар.
Сондай-ақ компания өкілдері кітапханада қойылған ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жобаларын көрді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі