ҚазҰУ-да грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекеттік білім беру грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды.
ҚазҰУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Наталья Емнің айтуынша, конкурсқа қатысу үшін өтінішті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн форматта тапсыруға болады. Конкурсқа қатысу 2024 жылдың 13-20 шілде аралығында жүзеге асырылады. Биыл Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының талапкерлері үшін грант беру жөніндегі конкурсқа құжаттарды қабылдау 13-24 шілде күндері өтеді. Конкурс қорытындысы 10 тамызға дейін жарияланады. Биыл білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 78 219 грант бөлінді. Сондай-ақ, халқы тығыз орналасқан, батыс және жаңадан құрылған облыстардан жастарды оқыту үшін 5000 нысаналы грант бөлінген. Уақыт пен ыңғайлылықты үнемдеу үшін көптеген жоғары оқу орындарында, соның ішінде ҚазҰУ-да виртуалды қабылдау комиссиясы қарастырылған.
«Таңертеңнен бастап барлығы 1000-нан астам адам келді. Оның ішінде, талапкерлер, ата-аналар бар. Факультеттер бойынша ақпараттар ҚазҰУ қалашығы аумағындағы стендтерде жазулы. Жұмыстың алғашқы екі сағатында ғана 666 талапкерге қызмет көрсетілді, оның ішінде күту залында 200-ден астам адамға кеңес берілді», - деді Наталья Ем.
Электрондық кезек қызмет көрсету жұмысын жүйелеуге мүмкіндік береді. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында келушілер үшін қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Қабылдау комиссиясының хатшылары талапкерлер мен ата-аналарға білім беру бағдарламаларының ерекшеліктерін, сондай-ақ мемлекеттік білім беру грантына үміткерлер үшін қарастырылған жеңілдіктер шарттарының ерекшеліктерін түсіндіреді.
Талапкерлердің көпшілігі ақпараттық технологиялар факультетінің, механика-математика факультетінің, физика-техникалық факультетінің білім беру бағдарламаларына қызығушылық танытты. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы білім беру бағдарламаларына қызығушылық филология, құқық және экономика бағыттары бойынша жоғары болып қала береді. Сонымен қатар, ҚазҰУ базасындағы ҚХР Солтүстік-Батыс политехникалық университеті филиалының және РФ МИФИ филиалының жауапты мамандары талапкерлер үшін филиал туралы ақпараттарымен бөлісіп, оқуға түсу жолдарын түсіндіруде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі