Ғалым тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды

26 шілде, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұзақ жыл еңбек еткен, профессор, КСРО Журналистер одағының мүшесі, халықаралық Вильгельм Томсен медалінің иегері Берікбай Сағындықұлының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында ұзақ жыл тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды.

Шараға ғалымның отбасы, ағайын-туыстары, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы, студенттер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова: «Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, ұстаз-ғалым Берікбай Сағындықұлының  тұрған үйінде ескеркіш тақтаның ашылуы – ғалымның рухына жасалған ерекше құрмет. Берікбай Сағындықұлы тіл білімі мен әдебиеттану саласында еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдардың тәлімгері. Еңбектері қазақ ғылымына ғана емес, тұтас түркі әлеміне ортақ рухани қазына. Көрнекті ғалым өзінің еңбек жолында қазақ тіл білімінің басында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы сияқты тұлғалардың заңды ізбасары болды. Өнегелі тұлғалардың есімдерін ұлықтап, ұлағатты істерін ұрпаққа үлгі ету – баршамыздың парызымыз», - деді проректор.

Берікбай Сағындықұлы саналы ғұмырын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да шәкірт тәрбиелеу мен ғылыми кадр дайындауға арнады. Білікті лингвист-ғалым, этимолог, түрколог, ретінде қазақ тілінің байлығын зерттеуге баға жетпес үлес қосты. Өмірінің соңына дейін филология факультетінде  қызмет атқарды. Қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, доценті, профессоры дәрежесіне көтерілді. Мазмұнды монографиялар, оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар шығарды. Диссертациялық кеңес төрағасы, ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің және университет Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі болды. Университет дамуына елеулі үлес қосып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, білікті шәкірттер тәрбиеледі.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі