ҚазҰУ-да гала-концерт өтті

29 қазан, 2015

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «Жалын» фестивалі өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Дарындыларды даралап, таланттардың тұсауын кесетін бұл байқаудың жеңімпаздары Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен гала-концертте өз өнерлерін көпшілікке паш етті.

Барша ҚазҰУ асыға күтетін «1-курс таланттары» жобасының басты мақсаты – жалынды жастардың бойында лаулаған отты өшірмеу, өнерге, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттыру және сахна құдіретін түсінуге ықпал ету болып табылады. Үстіміздегі жылы аталған байқаудың алғашқы кезеңінде 800-ден аса студент бағын сынаса, үздіктердің үздігі болып танылған өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алған еді. Талай сыннан сүрінбей өтіп, ақтық гала-концертке қатысуға мүмкіндік алған студенттер осы кеште бар өнерлерін ортаға салды.

Гала-концертті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Дархан Ахмед-Зәки ашты. Қатысушылардың барлығына алғысын білдірген ол жеңімпаздарға тілегін білдіріп, I, II, III дәрежелі дипломдармен марапаттады. Байқауда өнерпаздар «Дәстүрлі «ән», «Эстрадалық ән», «Жас ақындар», «Домбырада ойнау шеберлігі», «Гитарада ойнау шеберлігі», «Қобызда ойнау шеберлігі», «Фортепианода ойнау шеберлігі», «Фортепианода ән айту шеберлігі», «Скрипкада ойнау шеберлігі» «Үздік жүргізушілер», «Көркемсөз және актерлік шеберлік», «Халықтық топтық би», «Заманауи би» және «Ерекше жанр» номинациялары бойынша сайысқа түсті. Көздің жауын алған сахнаны одан сайын әрлендіре түскен география және табиғатты пайдалану факультеті мен физика-техникалық факультетінің студенттерінің «Модерн» заманауи биі болды. Оған қоса, байқауға ерекше дайындалған химия және химиялық технология факультетінің биін, журналистика факультетінің «Military» биін айта кетпеске болмайды. Сахнаның әсемдігін арттырған тек бишілер ғана емес, құлақтан кіріп бойды алған әсем әндер де болды. Атап айтқанда, журналистика факультетінің 1-курс студенті Өскенбай Айботаның Арман Дүйсеновтің әніне жазылған Нұртуған жыраудың «Толғау» әні мен физика-техникалық факультетінің жас таланты Дәуренова Бақыттың Лара Фабианның «Je T aime» әнін нақышына келтіріп орындауы барша көрерменді таңқалдырды. Алғашқы орындарды иеленген журналистика факультеті және география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері Абишева Айнұр мен Досымғалиева Айнамкөз халық әнімен танылса, халықаралық қатынастар факультетінің студенттері «Қазақтың қыздары» әнімен баршаны баурап алды десек артық айтқанымыз емес.

Эстрадалық ән де, дәстүрлі ән де орындалған бұл байқауда жұртты елең еткізген филология және әдебиеттану мен химия факультеттерінен құралған ерекше топтың «Қазағым» атты патриоттық авторлық әні болған еді. Аталған ән гитара, фортепиано сынды аспаптармен сүйемелденді. Оған қоса «Ерекше жанр» номинациясы бойынша танылған Чеганбеков Дінмұхаммед те осы әнді бибокс әдісімен сүйемелдеді. Фортепианода ойнау шеберлігін танытқан экономика және бизнес жоғары мектебінің студенті Жорабек Бағлан «Титаник» фильмінің саундтрегін орындап, баршаның ықыласына бөленді. Домбырада ойнау шеберлігі бойынша жеңімпаз атанған студенттер «Фараби сазы» оркестрінің жаңа мүшелері атанып, «Әлқисса» күйін жұртшылыққа жолдаған болатын. Әсем ән айтылып, көңілді би биленген бұл сайыста жас ақындар мен актерлік шеберлік танытқандар да аз болған жоқ. Қолына қалам ұстаған жас дарындылардың өлеңдерін сүйсіне тыңдаған көпшілік «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша марапатталған студенттердің «Ромео мен Джульетта», «Алдар көсе мен базардағы әйел», «Есенин» сынды сахналық көріністерінің куәсі болды. Таланттардың тұсауын кескен бұл байқау ҚазҰУ түлегі Марғұлан Ақанның сөзіне жазылған Әбілдинов Жандостың «1-курс таланттары» байқауының әнұраны болып табылатын «Жалынды жастар» әнімен аяқталды.

Жыл сайын өткізіліп, талантты және талапты студенттерді таңдап алатын, олардың өнерлі өміріне үлкен серпін әкелетін, болашаққа деген нық сенімдерін арттыратын «1-курс таланттары» байқауы бұл жолы да дарынды студенттерді іріктеп алғаны хақ. Таланттарымыз көбейе берсін, қанаттары талмай, киелі сахнаның төрінен орын ала берсін демекпіз!

Студенттік клуб