ҚазҰУ студенті «Oceanman Kazakhstan-2024» жарысында алтын және қола жүлдеге ие болды

29 шілде, 2024

Қазақстандық спортшы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультетінің студенті Елдар Шекербек «Oceanman Kazakhstan-2024» жарысында алтын және қола жүлдеге ие болды.

10 км, 5 км және 3х500 метрге командалық эстафета бойынша ашық суда халықаралық марафондық жүзудің кезекті кезеңі 27-28 шілде аралығында Қонаев қаласында өтті.

Ашық суда жүзу жарыстары  «Oceanman» халықаралық брендімен әлемнің 20-дан астам елінде ұйымдастырылып келеді.

 Биылғы жылы әлемнің 17 елінен, соның ішінде Еуропа, Азия, Австралия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан 2,5 мыңнан астам жүзуші Қапшағай көлінде өз шеберліктерін сынады.

Елдар Шекербек бірінші жарыс күні 10 шақырымға жүзуден қола медаль жеңіп алып, 3-ші орынды иеленді. Жарыстың екінші күні жас спортшы «Oceanteams» эстафеталық жүзуде 3х500 метрге дейінгі қашықтықта қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды.

«Oceanman – 2024» ережелері бойынша Елдар Шекербек Біріккен Араб Әмірліктерінде, Дубай қаласында осы жылдың желтоқсан айында өтетін Әлем чемпионатының финалына қатысуға жолдама ұтып алды.

Елдар Шекербек 2022 жылғы ашық суда 5 километрге жүзуден абсолютті Азия чемпионы, 2023 жылы Тайландта, Пхукет аралындағы эстафетада 3х500 метрге топтық жүзуден әлем чемпионы.

БАӘ, Дубай қаласы, Парсы шығанағындағы жарыста 10 километрге жүзуден күміс және қола жүлде иегері, 2023 жылы Ақтауда өткен Универсиада жеңімпазы, 2024 жылғы Испания, Валенсия, Балеар аралдарындағы жарыстарда 10 километрге жүзуден алтын жүлде иегері атанған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі