ҚазҰУ магистранты үздік нәтиже көрсетті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің 1 курс магистранты Баянсұлу Өтегенова Польшаның Николай Коперник университетіндегі жазғы мектептің ғылыми-зерттеу жұмысына қатысты. Ол бұл жеңіске арнайы конкурстық іріктеу арқылы жетті.
Баянсұлу ҚазҰУ-дың физикалық химия катализ және мұнай-химия кафедрасында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Нәтижесінде ол өзінің ерекшелігі мен талантын дәлелдей отырып, әртүрлі елдерден 44 үміткер арасынан үздік шықты.
Шетелдік жазғы мектеп - бұл жаратылыстану ғылымдарына қызығушылық танытқан студенттер үшін төрт апта бойы беделді шетелдік ЖОО-да химия ғылымы, биохимия және биотехнология саласындағы зерттеу жобасымен айналысуға мүмкіндік береді.
Баянсұлу профессор Мирослав Сприньский мен PhD докторы Жанар Бекісанованың жетекшілігімен «Hemostatic agent based on chemically modified diatom biosilica for wound healing» жобасында мүмкіндікті жібермей нәтижелі жұмыс істеді. Ғылыми жетекшілікті химия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Оспанова жүзеге асырды.
Баянсұлу әртүрлі елдерден келген 15 қатысушы арасында «Жобаны үздік таныстыру» номинациясы бойынша 1-ші орынды иеленіп, ғылыми зерттеу өз жемісін берді.
Сапар барысында Торунидегі Николай Коперник университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы одан әрі ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі