Жатақханалардың дайындығы пысықталды

2 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасында  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы Мадияр Дүйсенбайұлы Қожахмет Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының басшылығымен студенттік жатақханалардың жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде кеңес өткізді.

 

Ведомоство аппаратының басшысы қазіргі уақытта Омбудсмендер институты «Қазақстан студенттерінің Альянсы» Республикалық студенттік қозғалысы және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Студенттер Кеңесімен бірлесіп еліміздегі ЖОО-лардағы жатақханаларға мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті.

Мониторинг барысында жатақханаларда орындарды бөлу критерийлері мен тұру жағдайлары арнайы бағаланатын болады.

Кездесуде жеке жатақханалардың жаңа оқу жылында студенттерді қабылдауға дайындығы, жаңа жатақханалар салып, орын тапшылығы мәселесін шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігін жетілдіру, хостелдермен келісімшарт жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды.

Жиыннан соң Мадияр Қожахмет ҚазҰУ қалашығы аумағындағы студенттік жатақханалардың жөндеу жұмыстарымен танысты.

Бүгінгі күні ҚазҰУ-да 5 878 студент тұратын 15 жатақхана бар. Жатақханаларда университет қаражаты есебінен жыл сайын 1 маусымнан бастап 15 тамызға дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі уақытта барлық бөлмелер мен дәліздер сырлануда, едендерде линолеум ауыстырылып, жуынатын орындар, санитарлық-техникалық жабдықтар орнатылуда. Электр, жылу жүйелері жаңартылып, жаңадан төсек жабыдықтары алынды. ҚазҰУ-дың өндірістік цехында сапалы жиhаздар жасалып, бөлмелерге қойылуда.

Ведомоство аппаратының басшысы студенттерге қолайлы жағдай жасап,  жатақханалардағы жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтау, орын тапшылығын шешу – барлық жоғары оқу орындарына ортақ міндет екенін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың Баспасөз қзыметі